411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда Тәуелсіздік күні мерекесі атап өтілді

  • 640
  • UPD: 22:11, 14.12.2019

Ақмола облысында Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында 500-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Ал олардың ең ауқымдыларының бірі облыс орталығында өткен салтанатты шара.

Айта кетейік, мерекелік жиын барысында аймақтың 79 тұрғыны түрлі марапаттарға ие болды. Еңбегімен еленген азаматтардың арасында қарапайым еңбек адамынан бастап, өнер және спорт жұлдыздары да бар.

Мерекелік шараға жиналған ақмолалықтар, алдымен, мектеп оқушыларының инновациялық идеялар көрмесін тамашалады. Мұнда жастардың түрлі өнертабыстары қойылған. Ал, салтанатты жиында сөз алған облыс әкімі Ермек Маржықпаев, тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін әркім өз саласында осылай еңбек сіңіру керектігін атап өтті. Себебі егемендік – ол аманат. 

Ермек Маржықпаев, облыс әкімі:

- Тәуелсіздік – бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған асыл арманы. Осы күн үшін олар жан аямай ұлан-байтақ қасиетті жерді бізге аманат етіп қалдырды. Тәуелсіздік – елімізді жарқын болашаққа бастап келе жатқан Елбасымыздың тарихи жетістігі. 

Мұнан соң аймақ басшысы әр түрлі салада еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген жандарды марапаттады. Олардың арасында, мұғалім, дәрігер, құтқарушы, спортшы, атымтай жомарттар мен өнер адамдары да бар. Солардың бірі мәдениет саласында 30 жылдан астам уақыт еңбек етіп етіп келе жатқан тәжірибелі дирижер Тұрлығожа Базаров. 

Тұрлығожа Базаров, облыстық филармонияның бас дирижері:

- Бүгін Тәуелсіздіктің алдында үлкен марапатқа ие боп жатырмын. Бұл енді ұзақ жылғы еңбегімнің өтеуі ма деп ойлаймын. Бұл енді жалпы менің ғана еңбегім емес, бұл, мен жұмыс істеген оркестрдің, ұжымның, одан кейін Үкілі Ыбырай атындағы филармония ұжымының еңбегі деп есептеймін. 

Сондай-ақ осы күні төтенше жағдайлар қызметінің автопаркі су жаңа көліктермен толықты. 15 арнайы техника енді аудандық өрт сөндіру бөлімдері мен сондағы құтқарушыларға үлестіріледі.

Айта кетейік, Тәуелсіздік күні қарсаңында аймақта бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылуы да жоспарланып отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы