375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейліктер Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бірнеше қуанышты оқиғаға куәгер болды

  • 253
  • UPD: 22:15, 14.12.2019

Семейліктер де тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бірнеше қуанышты оқиғаларға куә болды. Жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Қарағайлы» шағын ауданында 40 отбасы баспаналы болып, 5 мың орындық көпсалалы мәдени-спорттық кешен ашылды. Мерейлі мерекемен қала тұрғындарын арнайы құттықтап, мемлекеттік марапаттар тапсыруға Премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов келді.

«Қарағайлы» шағынауданында көпқабатты тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Олар негізінен көпбалалы отбасылар мен жетімдер үйінің түлектеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарға беріліп жатыр. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында тағы да 40 отбасы баспана кілттерін алып, армандарына қол жеткізді. Бүгін сондай-ақ, осы шағынауданда семейліктер көптен күткен көпсалалы 5 мың орындық мәдени-спорттық кешеннің де салтанатты ашылу рәсімі өтті. 

Кешеннің жалпы аумағы 33 мың шаршы метр. Нысанда футбол, гандбол, бокс, волейбол, суға жүзу сияқты спорт түрлерін дамытып, дене шынықтыру жаттығуларын өткізуге болады. Кинотеатр, балаларға арналған ойын алаңдары да бар. 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары, ҚР Қаржы министрі:

- Ширек ғасырдан астам уақытта татулықты ту еткен бейбіт халқымыз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында қарқынды даму жолына түсті. Қазақстан әлемдік  аренада өз орнын алып, дүниежүзіне танылды. Шекарамыз шегенделіп, ел тұтастығы қамтамасыз етілді. Біздің ең басты құныдылығымыз – ол көпұлтты халқымыздың береке, бірлігі. Ел экономикасының өркендеп өсуінде Шығыс Қазақстанның да үлесі зор. 

Жаңа спорт кешенінде тәуелсіздік мерекесіне арналған салтанатты жиын өтіп, өнерпаздар концерті жұрттың көңілін көтеріңкі ете түсті. Түрлі тарихи танымдық қойылымдар сәтті шықты. 

Мұнан кейін әр түрлі салада өз еңбектерімен ел дамуына елеулі үлес қосқан 60-қа жуық шығысқазақстандыққа мемлекеттік марапаттар табыс етілді. Солардың бірі сонау шалғайдағы Қытаймен шекарадағы Мақаншы ауылынан келген ұстаз Бауыржан Мәулітханұлы. 

Бауыржан Мәулітханұлы, орта мектеп директоры:

- Біздің Үржар ауданының өзінде кез-келген мектепте робототехника кабинеттері бар. Бүгінгі талапқа сай қазір оқушыларға былай айтқанда күнен күнге жағдай жасалып жатыр ғой. Біздің мектептен де мықты түлектер түлеп ұшып жатыр. Жылда 3-4 Алтын белгі иегерлері бітіріп шығуда. Ғалымды да, сотты да, Елбасын да түгел тәрбиелеп шығаратын осы мектеп. Сондықтан біздің күнделікті мәндетіміз сол өскелеңұрпақты тәрбиелеу, дұрыс бағыт-бағдар беру. Аллам осы берекесінен айрмасын деп тілеймін. Ел іргесі тыныш болып, аспанымыз ашық, осы тәуелсіздігіміз мәңгілік баянды болса екен деп тілеймін! 

Болат Көкенайұлы, тілші:

- Олимпиадалық талаптарға сәйкес бірнеше ойын залы бар спорттық кешенде қазірдің өзінде халықаралық турнирлер өткізу жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр екен. Жалпы «Қарағайлы» шағын ауданы бұдан әрі де қарқынды дами түседі. Болашақта мұнда бірнеше мектеп, балабақша сияқты әлеуметтік нысандар бой көтеріп, тұрғын үйлер көбейе түспек. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы