399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайда мереке қарсаңында ескі мектеп күрделі жөндеуден өтті

  • 419
  • UPD: 22:19, 15.12.2019

Қостанайлықтардың көңілі хош. Мереке қарсаңында қаладағы №21 мектеп игілікке берілді. Жарты жылдың ішінде оқу орны бастан-аяқ күрделі жөндеуден өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек іші жаңарып, сыртқы келбеті ғана өзгеріп қойған жоқ, білім ордасының дәрежесі негізгіден орта мектеп деңгейіне көтерілді. Енді 9-сыныпты тәмамдағандар осында оқуларын жалғастыра береді.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Бұл мектеп 1960 жылдан астам жөнді жөндеу көрмеген. Сондықтан әбден тозығы жеткен ғимараттың тіпті қабырғалары қаусап, едендері шіри бастаған еді.

Жарты жылдың ішінде соның бәрі бастан-аяқ жаңартылды. Кеңейтіліп, қосымша кабинеттер салынды.

Гүлнәр Досаева, № 21 мектеп директорының орынбасары:

Бұрын 23 кабинет болса, қазір 27-ге жетті. Қосымша лингафон, робототехника кабинеттері пайда болды. Сондай-ақ биология, химия пәндері бір жерде еді, бүгінде жеке кабинеттерге ие.

Робототехника сыныбы енді ашылғанымен, оқушылар тарапынан қызығушылық зор. Тіпті мұндағы үйірмеге жазылуға кезек күткендер бар.

Ержан Молдахметов, робототехника мұғалімі:

- Мұндай сынып ашу бізге арман болатын. Бұл нағыз балалар үшін өз қолдарымен модельдеп, құрастырып, ой-қиялдарын дамытатын бір орынға айналды десем, артық айтқандық емес.

Ғимаратты күрделі жөндеуге қомақты қаржы 516 миллион теңге жұмсалған. Соның арқасында негізгі мектептен, орта білім ордасына айналды. Бұл жаңалықты әсіресе, 9-сынып оқушылары қуана қабылдады.

Анна Хохрякова, 9-сынып оқушысы:

- Осыған дейін қай мектепке барып, оқуымды жалғастырам деп ойланып жүргенмін. Қуанышымызға қарай, орта мектеп дәрежесіне ие болып, алтын ұямызда қалатын болдық.

Жөндеу жұмыстары аяқталғанша 500 мыңға жуық бала екінші тоқсанның жартысына дейін басқа мектепке оқып келді. Алтын ұяларына оралған оқушылар енді жаңарған асханаларының ашылуын асыға күтіп жүр.

Анар Қабдулинова, №21 мектеп директоры:

Біздің асхана ешқандай талапқа сай келмейтін. Жеке залға ас пісіретін орыннан дәліз арқылы өтетінбіз. Өте ыңғайсыз болатын. Қазір сол екеуі біріктіліп, біртұтас асханаға айналды. Енді санитарлық дәрігерлердің рұқсатын ғана күтіп отырмыз.

Биыл өңірдегі білім беру орындарын жөндеуге өткен жылға қарағанда 3 есе көп қаржы бөлінді. Мектеп, интернат, балабақша барлығы 20 нысанды қалпына келтіруге 2,5 миллиард теңге жұмсалды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров

Хабар 24 телеарнасы