411,57 452,40 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі

  • 541
  • UPD: 14:40, 16.12.2019

Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі. Себебі дәл осы қалада  халқымыздың ғасырлар бойы армандаған  Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі жарияланды. Бүгінде мұнда көптеген ғимараттар сол кезеңдегі тарихтан сыр шертеді. Ал олардың ең негізгісі «Қазақстан Республикасының  мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы заңға қол қойылған» бұрыңғы Үкімет үйі болатын. 

20-ғасырдың ортасында бой көтерген Үкімет үйі, бүгінде республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің тізімінде. Себебі дәл осы ғимараттың, мына дөңгелек залында. 

1991 жылдың 16 желтоқсан күні  «Қазақстан республикасының  мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық заң» қабылданды. Дәл осы залда тарихи құжатқа қол қойылды.  

Алуа Маханбет, тілші:

- Мұнда орындықтар да сол күйінде сақталған. Себебі бұл орындарда еліміздің елеулі оқиғасына куә болған тұлғалар отырған. Ал ел тәуелсіздігі жарияланған бұрынғы мәжіліс залы, бүгінде сол кезеңдерден сыр шертетін  фотоэкспозицияларға толы «Тәуелсіздік залы»  деп аталады. 

Тарихи маңызға ие әкімшілік ғимаратта, бүгінде техникалық университет орналасқан. Кеңестік монументалдық классицизм стиліндегі құрылыс, заманға сай өзгертілген. Дегенмен, мұнда тіпті шамды ауыстыру үшін де, жергілікті әкімдікпен  келісіп отырамыз дейді ЖОО ректоры. 

Кенжебек Ибрашев, ЖОО-ның ректоры:

- Бұл залға былтыр біз жақсы ремонт жасадық. Бұрыңғы өзінің қалпына келтірдік. Әрі қарай біздің міндетіміз осы тарихи залды тарих үшін сақтап қалу. 

Ел тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңіне  куә болған тек бұл ғимарат емес. Жалпы Алматының өзі. Себебі мемлекетіміз үшін маңызды шешімдер осы қаладан бастау алды. 

Сайын Борбасов, саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор:

- Тәуеліздікте Алматының орны ерекше болатыны, бүкіл Қазақстанның интеллектуалдық элитасы, рухани элитасы Алматыда шоғырланған ғой. Басшылар Алматыда болды. Парламент Алматыда болды. Осылардың барлығы, саяси партиялардың негізгі сол кезде 20-ға жуық саяси партия өмірге келді. Бұлардың барлығының негізгі штабтары Алматыда болды да, Алматы  Қазақстанның мынау қайнаған саяси өмірінің қайнаған қазанының  нағыз өзіне айналды. 

Еліміздің басты құжаты - Қазақстан Республикасының Конституциясының соңғы нұсқасы да 1995 жылы Алматыда қабылданды. Ата заңымызды жазуға атсалысқандардың бірі Арықбай Ағыбаев болатын. 

Арықбай Ағыбаев, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер:

- Сол қабылданғанда көптеген пікірлер, мысалы  жаңағы құқықтық мемлекет, демокартиялық қоғам, әлеуметтік мемлекет,  осының барлығына сипаттама берілді.  Осы конституцияда айтылған көп нәрселерге , көп терминдерге анықтама беруге атсалыстық. 

Ал 1997 жылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы залда астананы көшіру туралы мәлімдеме жасайды. 2019 жылдың жазында Елбасы Университет ғимаратының алдына «Уақыт капсуласын» қояды. Тұңғыш Президенттің бұл аманатын қазақстандықтар тек 2049 жылы ашып, оқи алады. 

Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы:

- Алматы - еліміздің, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Бәріміздің ең жақсы көретін қаламыз. Білімнің орталығы. Ендігі мына капсуланы бұдан 30 жылдан кейін ашқанда қандай менің үндеуім бар екенін көретін болады. 30 жылда әрине, көп жағдайлар болады, тарих өзгереді, ел өзгереді, жер өзгереді, барлығы болады. Бірақ Қазақстан мен қазақ орнында болады. Өркендейді, өседі.  

Елбасы айтқандай, Алматыдан бастау алған тәуелсіздік, ғасырларға ұлассын деп тілейік! 

Авторлары: Алуа Маханбет, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы