423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбе халқының саны жөнінен төртінші орынға шықты

  • 2143
  • UPD: 15:35, 16.12.2019

Ақтөбе қаласы халқының саны бойынша Алматы, Нұр-Сұлтан  мен Шымкенттен кейін 4-орынға жеткен. Бұған дейін еліміз бойынша тұрғындары ең көп төрттікті Қарағанды түйіндеп келген еді. Соңғы көрсеткішке сәйкес еліміздің батысындағы шаһар тұрғындарының саны 497 мың 381 адам болған. Бұл қарағандылықтардан 500 адамға артық. Республика бойынша агломерация қатарына ену үшін Ақтөбеде барлық алғышарттар бар.

Ақтөбенің облыстық перинаталдық орталығында күніне шамамен 20 нәресте дүниеге келеді. Акушер мамандар соңғы уақытта аналардың 1-2 бөбекпен шектеліп қалмай, одан да көп құрсақ көтеруге тырысатындығын айтады. 

Зейнегүл Наурызбаева, облыстық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі:

- Бала туу көрсеткіші көбейіп келеді. Әсіресе жастардың арасында 4-5-6 сәбиге дейін дүниеге әкелетіндері аз емес. Мұны әлеуметтік жағдаймен байланыстыруға болатын шығар. Балаларға берілетін жәрдемақы да көбейді. Осы факторлар демографиялық өсімге жағдай жасап отыр. 

Ұлболсын Матаева, облыстық статистика департаментінің жетекші маманы:

- 2019 жылдың 9 айында 9184 бала туылса, 2018 жылдың 9 айында 8321 бала туылып тұр. ал өсім 863 балаға көп. Көшіп келушілердің саны көшіп кеткендердің санының 2200-ге аз. 

Демографиялық өсім қарқынын есепке алған мамандар алдағы жылы ақтөбеліктердің саны 500 мыңнан асады деп болжап отыр. Бұл баспана мен жұмыс орнына сұраныс артады деген сөз. Қазіргі күннің өзінде шаһарда жұмыссыз ретінде ресми тіркелгендер саны 2 мыңға жуық. Жергілікті билік олардың тек 178-і ғана қол қусырып отырғанын айтады. Қалғандарына маусымдық шараларда нәпақа табуға жағдай жасалған. Алдағы уақытта өңірде құны 140 миллиард теңге болатын 25 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспары бар. Олар іске қосылғанда, тұрақты табыс көзі артады. 

Алтынай Маханова, қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Жоспар бойынша жаңа жұмыс орнын құру 11 мың болатын. Бүгінге 10 900 жаңа жұмыс орны құрылып тұр Ақтөбе қаласы бойынша. Ал, бізде 16 000 адамды жұмысқа орналастыру кешенді жоспарға сәйкес бекітілген болса, бүгінгі күнге 14 588 адам орындалып тұр, бағытталды. Жыл соңына дейін 100 пайыздан асады. 

Өңірде құрылыс та қарқынды. Биылдың өзінде облыста 1 миллион шаршы метр баспана қолданысқа берілуі тиіс. Мердігер мекемелер негізінен коммерциялық пәтерлерге ден қойғанымен, мемлекеттік бағдарлама аясында кезекте тұрған әлеуметтік топқа үлестіретін баспана құрылысы да кенже қалған емес. 

Аслан Жарасбаев, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

- Биылғы жылға 21 үш қабатты, аз қабатты тұрғын үй беру жоспарда. сонымен қатар осы тамыз айында біздер тоғыз қабатты екі тұрғын үйді бердік. және жыл аяғына дейін тағы тоғыз қабатты екі тұрғын үйді беру жоспарымызда. Жалпы биылғы жылда 102 мың шаршы метр пәтер беру жоспарымызда. 

Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін облысқа 2 миллиард 700 миллион теңге бөлінген. Алдағы жылы бюджет есебінен тағы 10 көпқабатты баспана қолданысқа берілуі тиіс. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы