443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тәуелсіздік күнінде ел дамуына үлес қосқан азаматтар марапатталды

  • 384
  • UPD: 22:56, 16.12.2019

Егемендік жылдары ел дамуына үлес қосқан азаматтар қоғамның қай-қай саласында да көп.

Бүгін Алматы облысында салтанатты жиын өтіп, сондай ерен еңбегімен ерекшеленген 60-тан астам азамат түрлі марапатқа ие болды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Темірбай Кендебайұлы ғұмырының 50 жылын театр саласына арнаған жан. Әлихан Бөкейхан сынды Алаш қайраткерімен қатар 100-ден аса кейіпкердің образын сомдаған актер «Парасат» орденімен марапатталды. Мемлекеттік сыйлық өзі 45 жыл бойы табан аудармай қызмет еткен Б.Римова атындағы өнер ордасында берілді.  

Темірбай Кендебайұлы, «Парасат» орденінің иегері:

– Бұл жалпы өнер ғана емес, мәдениет қайраткерлерінің, мәдениет қызметкерлерінің күндіз түні сапта тұрған, қандай жақсылық қуаныш болса да тікесінен тік тұрған түн ұйқысын төрт бөліп жүрген менің әріптестеріме тән ортақ марапат, ізгілікті, тарихи күн, тарихи белгі болып қалды.

Әлия Әбсеметова 9 баласының жетеуін жетімдер үйінен асырап алған. Көп балалы ана сал ауруына шалдыққандарды емдетуге қаржы жинауға да көмектеседі. Мұқтаж жандарға шапағатшы болып жүретін ол «Шапағат» медалінің иегері атанды.

Әлия Әбсеметова, «Шапағат» медалінің иегері:

– Осындай марапат ауқымды жұмыс жасауға итермелейді. Үлкен баға бергені үшін алғыс. Осы марапат отбасымның марапаты деп санаймын. Себебі барлығымыз қамқоршылықпен айналысамыз.

Еліміздің дамуына өзге мамандық иелерімен қатар қалам ұстаған қауым да үлес қосты. Салтанатты жиында Тәуелсіз қазақ журналистикасының қалыптасуына атсалысқан аға буын өкілдері де сый-құрметке бөленді.

Мейрам Жанәділов, Алматы облысының құрметті азаматы:

– Әлемнің түрлі жерінде оқыс жағдайлар болып жатты. Соларды біздің әріптестеріміз қазақстандықтарға көрсете алды. Жаза алды. Міне, біздің негізгі міндеттеріміз осы болатын. Жалпы осы уақыттар ішінде Тәуелсіз қазақ елінің қазақ журналистикасының қарыштап дамыған кезі деп айта аламын.

Тәуелсіздік күніне орай қарапайым шаруалар, құрылысшылар мен дәрігерлер, білім саласының мамандары марапатталды. Жалпы саны 60-тан аса адам «Парасат», «Құрмет» ордендерімен бірге «Еңбек даңқы», «Ерен еңбегі» және «Шапағат» медалін иеленіп, бірнешеуі облыстың құрметті азаматы атанды. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы