431,03 474,00 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да жастар саясатын іске асыруға 3 млрд теңге қаржы бөлінген

  • 280
  • UPD: 22:59, 16.12.2019

Батыс Қазақстан облысында биыл жастар саясатын іске асыруға 3 миллиард теңге қаржы бөлінді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл қаражат жастарды жұмыспен және сапалы біліммен қамтамасыз етуге, сондай-ақ бос уақытын жүйелі ұйымдастыруға жұмсалған. Жергілікті жерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша 148 грант бөлінді.

Фариза Айтымова – тәуелсіздіктің төл құрдасы. Бала шағынан ақылдың кені саналатын кітап атаулыны жанына жақын тұтыпты. Әдебиетке деген ерекше құштарлығы болар, кейін кітапханашы мамандығын меңгерді. «Оқырманмен жұмыс істеген өзіме өте ұнайды. Өйткені, бар білімнің бастауы кітапта ғой. Соны көздің қарашығындай сақтап келе жатқан рухани орта мен үшін әркез ыстық, дейді жас маман.   

Фариза Айтымова, Ж.Молдағалиев атындағы облыстық кітапхананың қызметкері:

– Біздің бар атқарып жатқан жұмысымыздың барлығы тәуелсіздіктің арқасы деп білемін. Мен осы биыл «Рухани қазына» республикалық байқауында жобамды ұсынып, республикаға жолдама алған болатынмын. Республикада әр облыстан кітапханашы мамандармен танысып, пікір тәжірибе алмасып, талаптанып қайттым десем де артық емес.

Мамандығын сүйетін Фаризаның өз саласында қол жеткен табыстары елеусіз қалған жоқ. Жуырда ғана ол Жастар жылы аясында ұйымдастырылған «Жыл үздігі 2019» байқауында «Жас маман» аталымының иегері атанды. 

Жастар жылы аясында биыл аймақта 8 мыңдай адам екі қолға бір күрек тапты. «Jas project» жобасы мен «Жас кәсіпкер» бағдарламасы арқылы өз кәсібін бастаған жастар көп. Шағын несие мен гранттарға қол жеткізген 1500 жас кәсіпкер өз стартап жобаларын жүзеге асыра бастады.

Сағидолла Жалмұрзин, қала тұрғыны:

– Жастар жылы кеше қорытындыланды. Көптеген жас марапатталды. Әсіресе қарапайым еңбек еткен жастар, оқушы, студенттерге жасылықтар жасалып жатыр. Үйлер, жатақхана беріліп жатыр.

Тәуелсіздіктің тағы бір құрдасы Айбота Ғұсманова да жастар жылының табысты болғанын айтады. Президент келер жылдан бастап шәкіртақы көлемін 25 процентке ұлғайтуды тапсырды. Бұл да – бізге үлкен көмек. Жастарды сапалы біліммен қамту, жұмысқа орналасуына жағдай жасау және бос уақытын тиімді өткізу – басты міндет. Алдағы еріктілер жылынан да күтеріміз көп, дейді ол.

Айбота Ғұсманова, қала тұрғыны:

– Көгінде көк байрағы желбіреген тәуелсіз Қазақстанның төл құрдасымын. Биыл тәуелсіздігімізге 28 жыл толып отыр. Биыл Жастар жылы деп қолдады, соған байланысты көптеген іс шаралар өткізіліп жатыр, соның куәсі болып отырмыз.

Биыл өңірде «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 600-ден аса жас маман ат басын алтын қазық ауылға бұрыпты. Оларға 269 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді. 500-ге тарта маманға 1 жарым млрд теңге көлемінде баспана алуға жеңілдетілген несие берілді.  

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы