428,05 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тәуелсіздік мерекесінде Ақтөбеде 60-тан астам азамат мемлекеттік наградаға ие болды

  • 570
  • UPD: 10:05, 17.12.2019

Олардың арасында тұрғындарды баспанамен қамтуға елеулі үлес қосып жүрген құрылыс саласының майталмандары да бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылғы 11 ай ішінде өңірде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 836 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Мақсат Сәңкібаев – өңірге танымал құрылысшылардың бірі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кәсіпорын құрып, бүгінге дейін талай тұрғын үйлер мен мектептерді тұрғызды. Облыс орталығында салған көп қабатты ғимараттары да қалаға көрік беріп тұр. Алғашқы кезде қажетті материалдардың жетіспеушілігі секілді қиындықтардың болғаны әлі есінде. Бірақ қандай іс болса да, сапа мен жауапкершілікті жоғары қоятын тәжірибелі маманның еңбегі ешқашан елеусіз қалмады. Бүгінде үш бірдей ауданда ірі жобаны іске асыруда.

Мақсат Сәңкібаев, құрылыс компаниясының басшысы:

- Жас мемлекетпен жас компания бірге өсіп келе жатырмыз ғой. Енді оның бәрін біз сеземіз. Бірінші кезде бастағанымызда, 2-3 бала болып, кішкентай объектілерден бастап едік. Қазір үлкен құрылыстарда қатысамыз. Үкімет тарапынан, облыс тарапынан көмектердің бәрін сеземіз. Соның арқасында қазір біздің мекемемізде 100-ден аса адам қызмет жасайды.

Рамазан Уайсов, М.Сәңкібаевтың әріптесі:

- Жақында Арысқа барып жұмыс істеп келді. Өте қиын жағдайда ол жаққа барып, жұмыс істеудің өзі азаматтық қасиет деп ойлаймын. Елдің жағдайына байланысты облыстан осы жігітті жіберіп, жақсы деп есептеймін сол жұмыс істегендердің бәрін.

Мақсат секілді өңірдің құрылыс саласын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтар аз емес. Тек биылдың өзінде аймақта бір млн шаршы метр баспана салу жоспарланған. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасының үлесі басым. Ұлық мереке қарсаңында сала майталмандары да мемлекеттік нагдараға ие болды.

Жалпылай алғанда, мерекеге орай 60-тан астам азамат марапатқа ие болды. Оның арасында, өңірдің экономика, өндіріс, бизнес, білім және өнер саласына елеулі үлес қосқандар бар. Түрлі дәрежедегі ордендер мен медальдар салтанатты түрде табысталды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы