429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таразда шала туған нәрестелерді аман алып қалу үшін ерекше әдіс қолданылуда

  • 767
  • UPD: 09:53, 18.12.2019

Жергілікті дәрігерлер сәбилерге экологиялық таза жүннен тоқылған киімдерді кигізеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал бұл заттарды босанған аналарға волонтер зейнеткерлер тоқып, тегін таратады. Медицина қызметкерлері мен еріктілердің бірлескен жобасы өңірде тез танылып, үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Гүлзағира Айнабекова волонтерлардың жанында жүріп, өзі де волонтер болып кеткен. Зейнеткер күнде бос уақытының бір бөлігін қайырымдылық клубында өткізеді. Мұнда қыз-келіншектерді тоқыма өнеріне үйретіп, шала туылған балаларға экологиялық таза жүннен киім тоқиды. Ал дайын өнімдерді сәбилерге тегін таратады.

Гүлзағира Айнабекова, ерікті:

– Осы тоқыған затты апарғанда, ананың көңілденіп, көзінен бір қуаныш көрінгенде қанаттанамын. Тіпті өзім апарым кигізгенді жақсы көремін. Ананы көргенде мен сол балаға жылу бергенімді сеземін.

Жүннен тоқылған бас киім, шұлық, кеудеше тәнге ғана емес, жанға да жылу береді. Бұған ата-аналар да дән риза.

Аида Әсен, Қордай ауданының тұрғыны:

– Волонтерларға алғыс айтамын. Шынымен де мына кісі айтқандай, қолымыз тимейді. Баланы қарау керек. Күтім жасаймыз. Тоқуға уақыт жоқ.

Жамбыл облысында жылына 400-ге тарта сәби шала туылады. Арасында 501 грамм болып өмірге келгендері де бар. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай нәрестелердің тыныс алу, бойында жылу ұстау қабілеті төмен болады. Ал таза жүннен тоқылған киімдер шақалақтық денесін қышытып, жиі оятады. Осы арқылы тыныс алуының тоқтап қалуын болдырмайды. 

Талғат Толықбаев, облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

– Баланың терідегі рецепторларына әсер беріп, баланың оянып дұрыс демалу қабілеттіліне әсер етеді. Шала туылған балалардың мүмкіншіліктері аздау болады. Тыныс алу орталығы мида орналасады. Шала туылғандарда оның дамуына уақыт керек. Соған жеткізу үшін біз осындай технологияларды қолданамыз.

Қазір волонтерлар перинаталдық орталықпен тығыз жұмыс істеп жатыр. Олар қолдан тоқылған өнімдерді екі аптада бір рет тапсырады. Бүгінгі күнге дейін еріктілер 2 мыңға жуық дана киім тоқып өткізген.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы