412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ғылыми зерттеулерді қаржыландырған шаруалардың шығыны өтелетін болады

  • 458
  • UPD: 11:43, 18.12.2019
Ғылыми зерттеулерді қаржыландырған шаруалардың шығыны өтелетін болады

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі 2020 жылдан бастап шаруалардың ғылыми зерттеулер жүргізуге және жаңа инновацияларды енгізуге жұмсалған шығындарын өтейтін болады, деп хабарлады ҚР АШМ баспасөз қызметі.

Агробизнестің және осы саладағы ғалымдардың өзара қызығушылықтарын арттыру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі салалық заңнамаға өзгерістер енгізіп отыр. Жаңа заңға сәйкес агробизнес үшін ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуге жаңа субсидия қарастырылады. Тиісті заңнамалық норма жаңа жылдан бастап күшіне енеді.

Бүгінгі күні Ауыл шаруашылығы министрлігінде агробизнестің ғылымға жұмсалатын шығындарын субсидиялау ережесінің жобасы келісілуде. Ережеде төленетін өтемақылардың нақты мөлшері айқындалған.

Әзірге ережеге сәйкес ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің ғылыми мекемелердің қызметтерін сатып алуға жұмсалған шығындарының 80 пайызы мемлекет тарапынан өтелетіні анықталған. Бұл жағдайда субсидия алушы шаруалар тарапынан бірлесе қаржыландыруға тек 20 пайыз ғана қаржы жұмсалады.

«Аталмыш механизм бизнес пен ғылымның бірігуіне және шаруалардың ғылыми зерттеулерге инвестиция салуға тартады. Сондай-ақ, бизнеске нақты қажетті зерттеулер есебінен АӨК-ге инновацияларды енгізу жеделдетіледі», - деп атап өтті ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Айта кетерлігі, соңғы жылдары ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен ғалымдар арасындағы байланыс айтарлықтай әлсіреді, өйткені кәсіпкерлер қазіргі заманғы зерттеулерге қаржы жұмсауға дайын емес. Салдарынан өзекті инновациялар енгізілмей, ауыл шаруашылығының барлық саласы зардап шегуде.

Екіншіден, отандық агро саласындағы ғалымдардың зерттеу нәтижелеріне, ашқан жаңашылдықтарына шаруалар тарапынан қызығушылық жоқ. Ғылыми зерттеулерге бизнес инвестиция салуға ұмтылмағандықтан аграрлық ғылым кенжелеп тұр. Енді мемлекет ғылыми зерттеулерді қаржыландырады, тиісінше тақырыбын да анықтайды. Нәтижесінде ауыл бизнесіне нақты қажетті тақырыптар зерттелетін болады.  

Аграрлық ғылымды фермерлердің қажеттіліктеріне қайта бағдарлау және түйткілді мәселені шешу үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң әзірледі.

Заңға сәйкес фермерлерге ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға жұмсаған шығындарды өтеу қарастырылған. Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар 2020 жылдың 6 қаңтарынан бастап күшіне енеді.

Хабар 24 телеарнасы