418,52 493,00 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы қисайған үйдің тұрғындары жаппай көшіп жатыр

  • 465
  • UPD: 20:35, 18.12.2019

Алматының Зерделі ықшам ауданындағы қабырғасы қақырап, қисайған үйдің тұрғындары жаппай көшіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Пәтерлерге мөр басылып, есік алдына полиция қызметкерлерінен күзет қойылды. Үйге байланысты біржақты шешім қабылданғанша олар тұрғындардардың қалған дүние-мүлкін қарауылдайды.

Ал геологтар болса топырақ сынамаларын тексеріп жатыр.

№179 үйдің тұрғындары мереке күндерін пәтер іздеумен өткізгендерін айтады. Басым бөлігі демалыста көшіп кеткен. Дегенмен, үйдің кіреберісінде бүгін де абыр-сабыр. Екі баланың анасы Ақгүл Әбдіжанова да құжаттарын жинап, киім-кешегін буып-түйіп дайын отыр.

Ақгүл Әбдіжанова, 179-үйдің тұрғыны:

Біз енді пәтер іздедік, табылған бойда көшеміз дедік. Табылғаны бүгін болды енді. Бүгін көшеміз, жиналып жатырмыз. Бүгіннен қалмаймыз. Тоғызыншы этажда тұрамыз. Қауіптірек.

Ал, Арайлым Сүйінбайқызы әлі пәтер таба алмапты. Әрине, жалға берілетін баспана көп. «Бірақ мектеп пен балабақшадан алыстап кетсек бес баламды қалай тасимын», дейді ол.

Арайлым Сүйінбайқызы, 179-үйдің тұрғыны:

Осы Алғабастың ішінде табылғанның өзінде ақшасын көтеріп алған. Екіншіден, «бес балаң бар» деп ешкім алғысы келмейді. Әкімдік нағыз соманы айтқан жоқ бізге. Қанша пәтер екенін де айтқан жоқ. «Өздерің білесіңдер» деді. «Бір бөлмелі болсын, екі бөлмелі болсын, өздерің табасыңдар, қанша сома, соны төлеп береміз», деп жатыр.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Бұл – екінші қабаттағы 43-пәтер. Қабырғадағы жарықтан дала көрінеді. Сызатты байқаған пәтер иелері дереу көшіп кеткен. 179-үйде жалпы 72 пәтер бар. Ғимарат 2013 жылы мемлекеттік бағдарламамен берілген. «Мұнда 200-ден аса кәмелеттік жасқа толмаған бала бар», дейді тұрғындар. Осы жағдайдан кейін көрші 178-үйде тұратын адамдар да уайымдап отыр.

Жайық Қабатов, 178-үйдің тұрғыны:

Бүкіл жаңағы катлован дейміз, сейсмоплита дейміз, фундаменті үш үйге бірдей салынған. Топырағы да, құнарлығы бәрі бірдей. Бір жерден кеткен су ол таралады ғой, әр үйдің астында сондай.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Бұл бұрынғы Алғабас, қазіргі Зерделі ықшам ауданындағы қисайған бірінші үй емес. Бұған дейін үш үй сыр берген еді. Сондықтан көрші тұрған 178-үйдің тұрғындарының алаңдап отырғаны да түсінікті.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы