428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елорда әкімдігі балаларға арналған жаңажылдық шырша мерекесін өткізді

  • 815
  • UPD: 15:33, 19.12.2019
Елорда әкімдігі балаларға арналған жаңажылдық шырша мерекесін өткізді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әлеуметтік аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан, мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап Mega Silk Way сауда-ойын-сауық орталығында жаңажылдық шырша той өткізді, деп хабарлайды Елорда Инфо.

«Баршаңызды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге бақытты балалық шақ, жақсылық атаулының бәрін тілеймін! Жүздеріңізден күлкі кетпесін! Еліміздің ертеңгі күні сіздердің қолдарыңызда. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтанда арнайы «Қайырымды қала» деген үлкен акция бастадық. Соның аясында кішкентай бүлдіршіндерімізді шақырып, мерекелік көңіл-күй сыйлағымыз келді. Аздаған сый-сияпаттарымыз бар. Мектепте сабақтарыңызды жақсы оқып, ертеңгі еліміздің білімді азаматы болуларыңызға тілекшімін», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен.

Ол сөз арасында оқушыларға білім нәрін беріп жүрген ұстаздар қауымына ерекше алғыс білдіріп өтті.

«Осыған дейін «Қайырымды қала» акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған отбасыдан шыққан бүлдіршіндерге дельфиндер шоуын ұйымдастырған болатынбыз. Сол сияқты түрлі іс-шаралар өтті. Бүгін міне қаламыздағы көрікті орындардың бірінде шырша тойын өздеріңізбен өткізіп отырмыз. Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың білімді азамат болып өсуі үшін қолайлы жағдай жасап отыр. Біз сіздерге сенім артамыз», – деп қала әкімінің орынбасары жылы лебізін білдірді. 

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қайырымдылық акциясын жүргізіп келеді. Осының аясында бүгін елорда әкімдігі бүлдіршіндерге арнап түрлі сыйлықтарын тапсырды.

«Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге қайырымдылық айлығын өткізіп келеді. Міне осының аясында жаңа жыл мерекесінің қарсаңында Mega Silk Way өзінің Happylon аумағында шырша тойын ұйымдастырып отыр. Ал бүлдіршіндерге сыйлықтарды «Нұрлы Астана» корпоративтік қоры жеткізді. Сыйлықтардың арасында Германияда өндірілген жаңажылдық тәттілер де бар. Бүгінгі мерекелік жиынға қаламыздың 10-нан астам мектебінен жоғарыда айтылған санаттағы 150-ге тарта бала келді», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі аппаратының бас маманы Сәуле Бейсембаева.

Шырша тойы барысында балаларға Happylon ішіндегі көңіл көтерерлік аттракционның бәрі бір сағат ішінде тегін болды.

Хабар 24 телеарнасы