445,84 487,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде шетелдік жұмысшыларға берілетін квота қысқарады

  • 431
  • UPD: 15:47, 20.12.2019

Қазақстанда шетелдік жұмысшыларға берілетін квотаны күрт қысқарту керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің кезекті отырысында осындай тапсырма берді.

Президент биыл шетелдік мигранттарды қызметке алған 95 компанияның жұмысы тексерілгенін айтты. Нәтижесінде 330 заңбұзушылық анықталған. Арнайы құрылған комиссия жоғары лауазымды иеленіп отырған мамандардың кәсібилігіне күмән келтіріпті. Осыдан кейін Президент шетелдік жұмысшыларға берілетін квотаны едәуір азайтып, «бірдей жұмыс істейтін қазақстандық және шетелдік қызметкерлердің айлық табысында алшақтық болмауы», керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл шетелдік жұмыс күшін тартып жатқан 95 компанияның қызметі тексерілді. Арнайы құрылған комиссия 330 заңбұзушылықты анықтады. Олардың көбі атқарып жатқан қызметтеріне сай болмай шыққан. Осындай олқылықты болдырмау үшін шетелдік жұмысшыларға берілетін квотаны едәуір қысқарту керек. Биыл 49 мың квота берілген, келесі жылы соны 29 мыңға дейін азайту қажет.

Осы отырыста Президент елімізде саяси партияларды тіркеуді жеңілдетуге тапсырды. Қазір саяси партияларды құру үшін оның кем дегенде 40 мың мүшесі болуы керек. Бұл межеге көбі жете алмайды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев мүшелер санын екі есеге дейін азайтудың, яғни 20 мың адамға дейін түсіруді пәрмен етті. Бұл қадам адамдардың азаматтық позициясын ашық білдурге, елдің саяси өміріне белсене араласуына мүмкіндік бермек.

Хабар 24 телеарнасы