418,31 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ТҚЖБ-ның елордада ашылған жаңа бөлімшесі барлық талапқа сәйкес жабдықталды

  • 398
  • UPD: 22:58, 20.12.2019

Елордада Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің жаңа бөлімшесі ашылды. Салтанатты шараға «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Айдар Әріпханов пен Нұр-Сұлтан қаласының Алтай Күлгінов қатысты. Олар банк қызметкерлерін жаңа кеңсенің ашылуымен құттықтап, «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспаналы болған отбасылардың бүлдіршіндеріне жаңа жылдық сыйлықтар үлестірді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің елордадағы орталық кеңсесі жаңа ғимаратқа көшті. Кең күту залы мен балаларға арналған ойын алаңы бар бөлімше Рақымжан Қошқарбаев атындағы көшенің бойында орналасқан. Онда банк қызметкерлеріне де, клиенттерге де барынша жағдай жасалған. 

Айдар Әріпханов, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы:

- Филиал заманауи барлық талаптарға сай жабдықталды. Мүмкіндігі шектеулі жандар, баламен келетін салымшылар үшін де қолайлы жағдай жасалған. Алдағы уақытта мұндай кеңселерді еліміздің өзге өңірлерінде де ашуды жоспарлап отырмыз. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы саналады. Оны халықтық деп атауға толық негіз бар. Себебі осы жылы жеңілдетілген пайыздық үстемемен 500 миллиард теңге ипотекалық несие бердік. 

Биыл банктің көмегімен Нұр-Сұлтан қаласының 10 мыңнан астам тұрғыны баспаналы болды. Оның 850-і «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында үйлі болған. Жалпы осы бағдарламамен республика аумағында 4000 қазақстандық жаңа қонысқа көшті. Бүгін банк осы отбасылардың балалары үшін жаңажылдық шырша ұйымдастырды. 

Айнұр Әуелбекова, қала тұрғыны:

- Биыл үй алдым. Өте қуаныштымыз осы екі процентпен бергеніне. Біз осы 2015 жылдан бастап тұрдық. 4 балам бар. Ең кішкентайым бесте. 

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі құрылғалы бері 200 мыңнан астам адамның баспана алуына септігін тигізді. Бүгінде бір жарым миллион азамат өз пәтеріне қажетті қаржыны осы банкте жинақтайды. Күн сайын шамамен 190 банк салымшысы баспаналы болады.

Авторлары: Талғатбек Әбді-қожа, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы