376,77 415,79 5,95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен полиция қызметкерінің жағдайы ауыр

  • 260
  • UPD: 19:21, 21.12.2019
Өскеменде жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен полиция қызметкерінің жағдайы ауыр

Өскеменде жүк көлігі мен жедел жәрдем көлігінің соқтығысуы салдарынанзардап шеккен полиция қызметкерлеріне тиісті медициналық көмек көрсетіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар екі көліктің ортасында жаншылып қалған болатын. Дәрігерлердің айтуынша, екеуіне де таңға дейін операция жасалған. Қазір біреуі жалпы палатаға ауыстырылғанмен, екіншісі әлі жансақтау бөлімінде жатыр.

Айта кетейік жол-көлік оқиғасы кеше кешке Жібек жолы көшесі мен Сәтпаев даңғылы қиылысында болды. Ол жерде жедел жәрдем көлігі мен қаланың сол жағалауынан келе жатқан жүк көлігі соқтығысып қалған. Қатты соққыдан серпілген жедел жәрдем транспорты жол шетінде тұрған патрульдік көлікке кеп соғылады. Осылайша, сол жерде қызмет атқарып тұрған қос полиция қызметкері екі көлік ортасында қалып қойған.

Юрий Старокожев, «Мамандандырылған медициналық орталығы» кмк бас дәрігері:

- Екінші полиция қызметкеріне өте күрделі әрі ұзақ операция жасалды. Қолдан келген мүмкіндіктің бәрін қолдандық.4 бригада жұмыс істеді. Нұрсұлтан қаласындағы жетекші мамандадың қатысуымен телемедицина сеансы да ұйымдастырылды. Ондағы әріптестер де біздің емдеу әдістерімізді мақұлдап отыр. Қазір қан айналымы дұрысталғандай болды. Алайда әзірге қандай да бір болжам жасау қиын.

Айта кетейік, жол апаты кезінде жедел жәрдем көлігіндегі мамандар мен онда отырған науқас та зардап шеккен болатын. Олар жеңіл жарақат алғандықтан, медициналық тексерістен соң үйлеріне жіберілді.Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қазір ҚР Қылмыстық кодексінің 2-бөлімі, 345-бабына сай сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Хабар 24 телеарнасы