413,12 452,00 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-дағы шипажайда бірнеше қызмет түрлері іске қосылды

  • 393
  • UPD: 19:54, 22.12.2019

Шығыс Қазақстан облысындағы шипажайда жаңадан бірнеше қызмет түрлері іске қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оның бірі тұзды шахта болса, екіншісі – шунгиттік кабинет. Басқа да құрал-жабдықтар жаңартылып, қарттарға барынша қамқорлық жасалған. Жыл сайын мұнда 6 мыңға жуық ардагер демалуға асығады.

Выдриха ауылы Шығыс Қазақстанның табиғаты тамылжыған Уба өзені бойында орналасқан. 17 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан шипажайда осы күнге дейін мыңдаған зейнеткер мен еңбек ардагерлері ем алып, сауығып шықты. Биыл мұнда бірнеше жаңа емдеу тәсілі қолданылып жатыр. Тұзды шахта тыныс жолдарына арналса, 4 камералы гальваникалық ванна тірек қозғалысы жүйесі мен қан айналымын жақсартуға бағытталған.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Адам денсаулығын нығайтып, оған ерекше күш-қуат сыйлайтын шипажайдағы емнің тағы бір жаңа түрі – шунгит тастарымен көмкерілген бөлмеде отырып, 10 минуттан жарты сағатқа дейін тынығу. Ғалымдардың пікірінше, шунгит тастары метеориттер құлаған өлкелерден табылған. Яғни ол ерекше сипатқа, табиғи тылсым күшке ие.

Жаңа ем дом түрлерін қабылдап үлгерген қариялар да жоғарғы сапалы қызметке дән риза. Семейлік Қабыл ақсақал мен тарбағатайлық Қарлығаш Әбенова жыл сайын осында келіп тұрады екен. Ардагерлер шипажайда медициналық қызметтен өзге де бос уақыттарын қызықты өткізуге барлық жағдай жасалғанын айтады.

Қабыл Қасымжанұлы, Семей қаласының тұрғыны:

– Шипажай өте жақсы. Дәрісін алып жатырмыз. Уақытылы тамағын беріп жатыр. Шунгитін де алып жатырмыз жаңадан болған. Парафин, ванна, осындай бірсыпыра емдерін алып жатырмыз, өте жағдайымыз жақсы.

Қарлығаш Әбенова, Тарбағатай ауданының тұрғыны:

– Балшығы, суы, күтімі жақсы. Жақсы демаламын. Жаңа ғана поэзия кешінен шықтық, өлеңімізді айтып, кешкі биімізді билеп, конкурсқа қатысып, ризамын.

Шипажай бір уақытта 200 адамды қабылдай алады. Келушілер 12 күннің ішінде дәстүрлі емнен басқа таза ауада сергіп демалуға да, шығармашылық кештер өткізуге де мүмкіндіктер қарастырылған.

Ержан Мұқатаев, шипажай директоры:

– Жылына шамамен 6 мыңға жуық адам ем қабылдайды. Барлық қызмет түрлері облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа тегін жүргізіледі. Біздің ең басты мақсатымыз – қариялардың денсаулығын нығайтып, оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау.

Келесі жылы шипажай ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Ол үшін облыстық бюджеттен 190 миллион теңге қарастырылған. Сонымен қатар ем алушылар санын 50-ге көбейтіп, жүзу бассейнін салу да жоспарда бар.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы