443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысындағы ауылдардың көркеюіне кәсіпкерлер атсалысуда

  • 280
  • UPD: 22:17, 22.12.2019

Ақтөбелік кәсіпкерлер «Ауыл – ел бесігі» жобасына белсене қатысып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Елді мекендерде әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізіп, білім және денсаулық сақтау мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға ат салысуда. Тек өңірдің Мәртөк ауданындағы меценаттар екі ауылдың жолын төсеп, онға жуық отбасын баспанамен қамтыған.    

Василий Бондарев жерлестері арасында «ауыл қамқоршысы» атанған. Ұзақ жылдар бойы ірі шаруашылықты басқарған ол туған жеріне көңіл бөлуді еш ұмытқан емес. Айтулы мерекелерді атап өтуде демеушілік жасаудан өзге, елді мекеннің мектебі мен емханасына және тозығы жеткен жолын түзеуге көмектесіп келеді. Ауыл ортасындағы шағын көпірді де жөндеп отыруды міндетіне алған.

Василий Бондарев, кәсіпкер:

– Бұл ауыл менің туған жерім, шаруашылықта жерлестеріммен бірге еңбек еткеніме 40 жылдан асыпты. Жұмысымыз тәуір, техникамыз бар. Сондықтан да осы мүмкіндіктерімізді туған өлкеміздің қажеттілігіне де жаратқанымыз дұрыс деп шештік. Ал ауылға қолдау көрсету – әрбір адамның парызы. Үлкенді-кішілі ісіне араласып, жағдайын түзетуге, дамытуға үлес қосқаны жөн деп есептеймін. Биылдың өзінде біз үш млн теңгенің көмегін көрсеттік.

Ауыл кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтарының басшылығы да мұндай игі іс жасаудан ешқашан тыс қалған емес. Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қамқорлыққа алғандары да бар. Биыл тағы бірі белбеу күресінен халықаралық жарыста чемпион атанған жерлестерінің жол шығынын көтерсе, енді бірі жергілікті амбулаторияға қажетті жылжымалы жабдық пен тоңазытқыш және компьютер алып берген.

Айдай Досқалиева, дәрігерлік амбулаторияның бас дәрігері:

– Әр меншіктегілер бізге көмек берсе, біз тек қуана-қуана алар едік. Ондай адамдар бізге керек. Бюджеттің ақшасы көбісіне жетпейді. Ал бізге керек нәрселер көп.

Жалпылай алғанда, аудан бойынша меценаттардың қолдауымен жүздеген млн теңгенің жұмысы атқарылған. Оның арасында, Мәртөк пен Қазан ауылдарында жол салу, спорт нысандарын жаңғырту секілді ірі жобалар бар.

Ырысбай Аяшев, аудандық ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

– Ауылға қамқоршылық жасап отырған көптеген меценат бұл жұмыстарға жүйелі түрде өздерінің көмектерін көрсетіп, қазіргі таңда біздің есебіміз бойынша 42 меценат жұмыстар жүргізіп, ауылға өз қолдауларын көрсетті. Оның ішінде шағын ауылдық клубтардың күрделі жөндеу жұмыстарына көмектесу, аз қамтылған отбасыларға пәтер алып беру және де мүмкіндігі шектеулі жандарға, жастарға қолдау, бірқатар іс-шараларға қаржылай қолдаулар көрсетіп келе жатыр.

Аудан әкімдігі өкілдерінің айтуынша, «Ауыл - ел бесігі» жобасының нәтижесі ауқымды. Мүмкіндігі мол азаматтардың игі істерді атқарудан өзге, өскелең ұрпаққа да үлгі көрсетіп отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев.

Хабар 24 телеарнасы