419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Central Asia’s Got Talent жеңімпазына 10 млн теңгенің сертификаты берілді

  • 513
  • UPD: 12:32, 23.12.2019

Бірнеше айға созылған «Central Asia’s Got Talent» шоуы өз мәресіне жетті. Бас жүлденің иегері мен өзге де жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүлделі болғандардың қатарында жерлесіміз де бар. Сонымен кіл мықтының ішінде кімнің бағы жанды?

Бұл – финал. Ақтық сынға барлығы 12 қатысушы өтті. Екеуі Тәжікстаннан, үшеуі Қырғызстаннан тағы үшеуі Өзбекстан өкілі, қалған төртеуі отандастарымыз. Бұл жерде шектеу жоқ. Ән айтсаңыз да, би билесеңіз де болмаса, акробатикалық номер орындасаңыз да, өз еркіңіз. Әйтеуір қалың көрерменді таңқалдырсаңыз болғаны. Таңқалдырды да! Финалистерді бөліп-жаруға келмейді. Бірінен бірі өткен.

Бұл нөмірі сегізінші болып сахнаға шыққан біздің елдің өкілі Ғалымжан Әуесбай. Жерлесіміз орындықтарды қойып, оның үстіне сақтандыру белдігінсіз шықты. Мұндай номер әлемде бұрын-соңды жасалмаған екен.

Бірнеше айға созылып, 5 кезеңнен тұрған телешоудың финалы ұзын ырғасы 3,5 сағатқа созылды. Жеңімпаздар көрерменнің дауыс беруі арқылы тікелей эфирде анықталды. Сонымен Қырғызстан елінен Айжан Нусувалиева, Тәжікстаннан Падида, Өзбекстаннан Далер Шавкатов және біздің елден Ғалымжан Әуесбай жүлдегер атанды. Әрқайсысына 3 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Сонымен жобаның бас жүлде иегері кім дейсіз ғой. Айтайық. Сонымен 4 мемлекеттің өкілдері қатысқан айтулы тележобаның бас жүлдесін Тәжікстан елінен келген Чоршанбе Аловатов жеңіп алды. Оған 10 миллион теңгенің сертификаты берілді.

Чоршанбе Аловатов, «Central Asia’s Got Talent» телешоуының бас жүлде иегері (Тәжікстан):

Қуанышымда шек жоқ. Маған дауыс беріп қолдағандары үшін Қазақстан еліне, Қырғызстанға, Өзбекстанға, Тәжікстан халықтарына шексіз ризашылығымды білдіремін. Ата-анам бәрі осында. Бұл менің өмірімдегі ең биік белесім. Осындай жобаны ұйымдастырып отырған Қазақ еліне мың алғыс!

«Central Asia’s Got Talent» Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан халықтарына ортақ жоба. Мұндай телешоуды Орталық Азияда ұйымдастыру бастамасын «Хабар» Агенттігі көтерген еді.

Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Бірнеше ай бойы өткен телешоу міне, өз мәресіне жетті. Барлығы жоғары деңгейде болды. Осындай жобаны қолдағаны үшін ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне алғыс білдіреміз. Енді телебайқау әрі қарай қалған елдерде жалғасын табады деген сенімдеміз.

Атап өтейік, Got Talent – британдық «Фриментл» компаниясының форматы. Аталған телебайқау 2006 жылы Америкада пайда болған. Мұндай форматтағы телешоу əлемнің 70-тен астам елінде ұйымдастырылыпты. Соның бірі міне, біздің елде де өтті.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Ануар Тәуекелов

Хабар 24 телеарнасы