426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Танымал журналист Г.Полеваяның отбасы қазақстандықтардан көмек сұрайды

  • 717
  • UPD: 09:11, 24.12.2019

Алматылық еріктілер әріптесіміз Галина Полеваяның еміне қажетті қаражатты жинауды жалғастыруда, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Естеріңізде болар, қазақстандық танымал журналист екі жылдан астам уақыт бойы онкологиялық дертке қарсы күресіп келеді. Қайсар жан дерттен айығамын деген үмітте. Қазір спорт комментаторы омыртқаға жасалатын тағы бір ауыр әрі қымбат операцияға дайындалып жатыр. Сондықтан Галина Полеваяның отбасы қажетті қаражатты жинау үшін қайырымдылық жәрмеңкелерді ұйымдастыруды жалғастыруда.     

Жаңа жылдың қарсаңында Галина Полеваяның отбасы алматылық еріктілердің көмегімен тағы бір қайырымдылық жәрмеңке өткізді. Емге қажетті ақшаны жинау үшін мұндай шара осымен төртінші рет ұйымдастырылды. Екі жыл бұрын Галина Полевая ауыр дертке шалдыққаны туралы суыт хабар көрермендерін алаңдатқан еді. Журналистің отбасы шамасы жетпегендіктен, қазақстандықтардан көмек сұрайды. Қиын жағдайда ешкім шет қалмайды.

Спортшылар, жанкүйерлер мен әріптестері де қолдау көрсетті. Бір жылдың ішінде әр түрлі бірлестіктер мен спорт федерациялары бірнеше қайырымдылық жарыс өткізді.

Эльмира Алиева, қоғамдық қордың төрайымы:

- Біз Галинаға тек қана ақшалай емес, моральдік және ақпараттық жағынан көмек қолын созған барлық қазақстандықтарға және шетел азаматтарына алғыс айтамыз. Олар барынша Галинаны қолдайтындарын көрсетті. 

Галина үшін әрбір теңге маңызды. Иә, емдеу ақысы қымбат. Оған бір отбасының шамасы келмейтіні анық. Бірақ әрбір үшінші қазақстандық 100 теңгеден салса, қажетті қаражат жиналып та қалар еді. Журналистің отбасы осыған дейін көмегін беріп келген азаматтарға алғыс айтады. Қайырымды жандардың көмегімен Галина Полеваяға Түркияда жілік майы ауыстырылды. «Хабар» Агенттігінің» ұжымы бір күндік жалақыларын аударды. Бірақ өмір үшін арпалыс әлі жалғасуда. Галинанаға тағы бір ауыр әрі қымбат операция жасалуы керек.    

Галина Полевая, «Хабар» телеарнасының журналисі:

– Мен үшін әр күн қымбат. Ал сіздер маған тұтас бір жыл өмір сыйладыңыздар. Мен кішкентай бала секілді ғажайыптарға сенемін. Жаңа жыл қарсаңында армандар орындалады, дейді. Менің арманым дертімнен құлан таза айығып, балдақ пен кеудеңді қысып тұратын жалпақ белбеуді тастау. Қолдауларыңыз үшін сіздерге мың алғыс. Жаңа жылда шаңырақтарыңыз шаттыққа бөленсін. 

Әзірге Галина түркиялық клиникада сауықтырудан өтіп жатыр. Бірақ алдағы емін оңтүстіккореялық дәрігерлер жасауы мүмкін. Оның отбасы сол елдің мамандарымен келіссөз жүргізуде. Жәрмеңке мен жарыстардан қомақты қаражатты жинау қиын. Сондықтан Галинаның туыстары жерлестерінен тағы да көмек сұрауға мәжбүр.

Барлық реквизиттерді сіздер экраннан көріп отырсыздар. «Көп түкірсе көл» демекші, жаңа жыл қарсаңында Галинаның арманына жетуіне атсалысайық.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Анастасия Вылегжанин

Хабар 24 телеарнасы