379,75 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда жемқорлықпен күрес туралы фильмнің тұсауы кесілді

  • 232
  • UPD: 12:51, 24.12.2019
Түркістанда жемқорлықпен күрес туралы фильмнің тұсауы кесілді

Түркістан қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы түсірілген «14-24» қысқа метражды фильмінің тұсауы кесілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кинотуындының басты кейіпкері – балалар үйінің тәрбиеленушілері. Ата-анасыз қалған бауырлар мемлекеттік бағдарламаға қатысып, баспаналы болады. Бірақ жергілікті шенділер сұрауы жоқ жетімдерге тиесілі пәтердің құжатын рәсімдемей, созбалаңға салады. Кейін үйді өздеріне қалдырады. Бірақ соңында жемқорлардың әрекеті әшкере болып, темір тордан бір-ақ шығады. Көркем фильмде қоғамдағы кейбір осындай әділетсіздіктер мен қатыгездіктер шынайы бейнеленген. Сондай-ақ тағдыр тауқыметін тартқан ағайындылардың бауырға деген шексіз мейірімі шебер суреттелген. Картинадағы басты рөлді Арыстағы балалар үйінің тәрбиеленушісі Айгүл Ержігітқызы сомдады. Оның айтуынша, кинодағы Айгүлмен өз тағдыры өте ұқсас. «Сондықтан маған басты кейіпкердің бейнесін сомдау онша қиын болмады», - дейді.

Айта кетейік, туынды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаментінің бастамасымен түсірілген. Жыл басынан бері Түркістан облысы бойынша 113 жемқорлық дерегі тіркеліпті. Олар негізінен парақорлық, бопсалау, қызметін асыра пайдалану және алаяқтық әрекеттер. Осы қылмысқа қатысы бар 36 адам ұсталып, жауапкершілікке тартылды. Жалпы шығын 300 млн теңге, оның көбі өз иесіне қайтарылған.

Айгүл Ержігітқызы, балалар үйінің тәрбиеленушісі:

– Фильмдегі Айгүлмен шынайы өмірдегі Айгүлдің тағдыры бірдей. Бұл киноға түсу маған аса қиын болған жоқ. Себебі ол кейіпкермен тағдырласпын. Сол басты рөлді аса жауапкершілікпен ойнап шығуды өзіме мақсат тұттым.

Өмірзақ Шөкеев, облыс әкімі:

– Бұл індетпен күресте тек жазалау болмайды. Одан ештеңе шықпайды. Бір жағынан жазалау, екінші жағынан тәрбие. Балаларды мектептен бастап тәрбиелеу керек. Ол үшін осындай фильмдердің орны ерекше. Үшінші жағынан мемлекеттік қызметкерлердің жағдайын жасап, жалақысын көтеру керек. Цифрландыру жүйесін көбірек кіргізу керек. Мұның бәрі бізде іске асырылып, қолға алынып жатыр.

Хабар 24 телеарнасы