426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеліктердің қоқыс шығарушы компаниялар алдындағы қарызы ондаған млн теңгеге жеткен

  • 506
  • UPD: 21:01, 24.12.2019

Ақтөбенің коммуналдық мекемелері де қаланы тұрмыстық қалдықтардан тазарта алмай отыр. Қазір жергілікті билік өкілдеріне арызданушылар көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаһардағы қоқыс жәшіктері биыл жаз бойына аузы-мұрнынан шыға, толып тұрды. Қыс түскелі қолқаны қабатын қолаңса иіс кеткенімен, мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ.

Жаз бойы қоқыс толы жәшіктердің көрінісі қаланың әр аумағында байқалғаны рас. Бұл мәселеге байланысты арнайы жұмыс тобы құрылып, түбегейлі шешу көзделген еді. Алайда, нәтиже мардымсыз болғанға ұқсайды. Қоқыстан шыққан иісті қытымыр аяз басқанымен, көрініс өзгере қоймады.

Блиц 1:

Толып тұрады. Ешқандай қоқыс шығарылмайды. Ешқандай қоқыс төгетін машина келгенін көрген жоқпыз. Жаздың күндері де солай. Иіс шығады, жаз болған соң. Тезірек шығарып тұрса, ауламыз таза болар еді, бізге де шығар еді.

Блиц 2:

Тез жиналады. Бір күн алмаса, жиналып қалады. Мына гүлдер сататын дүкендер бар. Мына үлкен қораптар солардыкі. Бір жетідей жатқан уақыт болды сондай.

Шығарып жатыр ғой. Дегенмен, нашар. Уақытында келмей ме, біз шығарып қоямыз. бізде қоқыс жәшігі жоқ. Шығарып қоямыз, ол машина келгенге дейін мысық, күшік пакетті ашып тастайды. Сосын қайта жинаймыз.

Бұл мәселенің өзекті екенін жауапты мамандар да мойындап отыр. Жыл басында тазалаумен айналысатын бір компанияның қызмет көрсетуден бас тартуы, жағдайды мүлде ушықтыра түскен. Қазір нарықта қалған екі мекеме қоқысты уақытылы шығаруға қауқарсыз көрінеді. Олардың айтуынша, тұрғындар мен заңды тұлғалардан алынатын қызмет ақысы шығынды жаппайды. Соның салдарынан қажетті арнайы техника да аз.

Владимир Проскурин, мердігер мекеменің басшысы:

Қала халқы 500 мыңға жақындап қалды. Біз қызмет көрсететін аумақта 90 мың абонент бар. Бірақ ақы төлейтіні шамамен 35-40%ғана. Яғни, төлем жасайтындар аз боп тұр.

Бүгінде ақтөбеліктердің қоқыс шығарушы компаниялар алдындағы қарызы ондаған миллион теңгені құрайды. Сондықтан да, бұл салада қызмет етуге ниет білдіретіндер аз. Жергілікті билік өкілдері тариф өспейінше мәселенің шешімі табылмайтынын айтады.

Хасан Юсупов, қалалық ТҮКШ басқармасының сектор меңгерушісі:

Басқа облыстарға, қалаларға қарағанда біздікі ең төмен тариф қой. Оны да қарастыру керек. Оған негіз болып отырған қазіргі уақытта барлық қосымша бөлшек және жанармай майларының бағасының өсуіне байланысты. Енді мәслихатта қарастырылуы тиіс қой деймін.

Қызмет ақысын көтеру – мәселені шешудің бір жолы. Алайда, коммуналдық мекемелерге әзірге берешегі бастан асқан азаматтармен жұмысты тиімді жүргізу міндеті тұр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы