418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы шалғай елді мекендер жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылды

  • 544
  • UPD: 22:58, 24.12.2019

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қазақтелеком» АҚ Алматы облысының орталықтары бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысын аяқтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осының нәтижесінде шалғай елді мекендер заманауи телекоммуникация қызметтерімен және жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтылды.

Бүгінде Райымбек ауданының орталығы Нарынқолдың тіршілігіне қан жүгірген. Бір жылдары азып-тозған ауылды қазіргі кезде қайта түлетуге атсалысып жүрген азаматтарға жергілікті тұрғындар дән риза. Солардың бірі – «Қазақтелеком» АҚ жаңа жыл қарсаңында Нарынқолға үлкен сый жасады. Яғни, талшықты-оптикалық байланыс желілерін іске қосты.

Шерхан Раздықов, «Алматытелеком» ӨТД бас директоры:

- Алматы облысында екі жылда 159 елді мекенге оптика тартылады. Биыл 102 елді мекенге тартылады. Осы оптиканың ауылды жерге жетуіне байланысты елді мекендердің ішінде тұрған мемлекеттік ұйымдар мектептер ауруханалар, әкімшіліктер және де басқа ұйымдар ақпараттық теңсіздікті жоюға мүмкіндіктері жетейін деп отыр.

Жобаның іске қосылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысып, «Қазақтелеком» басшыларына ризашылығын жеткізді. Осы сәттен бастап Райымбек ауданында 66 мемлекеттік мекеме байланыс желісіне қосылды.

Ерлан Серғазиев, мұғалім:

- Мектебіміз міне, бүкіл интернет желісіне қосылып, бүкіл залдарға WiFi орнатылды. Енді ол біздің балаларға оқушыларға болашақта интернеттің желісін пайдаланып, бүкіл әлемдік желіні пайдаланып, әртүрлі ақпарат-мағұлмат алуларына үлкен зор үлес болып тұр.

Енді ауыл тұрғындары үйден шықпай-ақ балабақша, пәтер және жұмыс кезегіне тұра алады. Сондай-ақ пәтер ақыларын да үйден төлейтін мүмкіндік бар. «Қазақтелеком» басшылары алдағы екі жылда еліміздің 828 ауылында 2496 мемлекеттік мекемені жылдам интернетпен қамту үшін 15 мың шақырымнан астам талшықты-оптикалық байланыс желісін салуды жоспарлап отырғандарын айтты.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы