377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында биыл тұрғын үйлер 120 мың шаршы метрге артық салынған

  • 175
  • UPD: 20:58, 25.12.2019

Алматы облысында биыл тұрғын үйлер былтырғымен салыстырғанда 120 мың шаршы метрге артық салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл соңына дейін жалпы аумағы 860 мың шаршы метр баспана иелеріне тапсырылады. Тұрғын үй құрылысы, әсіресе ірі мегаполис Алматыға жақын орналасқан оңтүстік аудандар мен облыс орталығы – Талдықорғанда қызу. Сәтін салса, Жетісу жерінде биыл 700-ден астам көп балалы отбасы баспаналы болады.   

Талдықорғандықтарға 600 үйлік коттедж қалашығының салынуы үлкен қуыныш сыйлады. Соның 155-і пайдалануға берілді. Осындай игі істің арқасында көп балалы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар мен мүгедектер және жетім балалар үйлі болды. 155 үйдің тең жартысына көбалалы отбасылар қоныстанғанын да айта кетейік.

Асхат Қалиасқаров, Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары:

– 2019 жылы жалпы Талдықорған қаласында 555 үй мен пәтер берілді. 183-і аз қамтылған отбасылар, соның ішінде көп балалы аналарға 139 пәтер бердік. Оның сыртында Үкімет бағдарламаларымен «Бақытты отбасы», «7-20-25» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі бағдарламасымен» 230 пәтерлік, 16 қабаттық үйді өткізді.

Талдықорғанда алдағы жылы 1500 пәтер тапсырылады деп жоспарланып отыр. Соның басым бөлігі көп балалы отбасылар мен әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға беріледі. Мамандардың айтуынша, мемлекет қаржысы есебінен 163 мың шаршы метрден астам үй салынады.

Марат Нүсіпбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

– Көбісі қазіргі уақытта салынып жатқан Алматы маңайында. Талғар, Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ ауданында салынып жатыр. Енді келесі жылдан бастап Талдықорған қаласында көп үйлер салынайын деп жатыр.

Алматы облысының орталығында 17 мыңнан астам адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оларды баспанамен қамту үшін алдағы жылы Талдықорғанда екі жаңа шағын аудан бой көтереді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы