412,55 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Рухани жаңғыру: туған жерін түлетіп жүрген ақмолалық жомарт жандар марапатталды

  • 652
  • UPD: 23:09, 25.12.2019

Ақмола облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталғалы «Туған жер» арнайы жобасы аясында 600-ге жуық жоба жүзеге асырылып, оған жергілікті кәсіпкерлер 5 млрд теңгеден астам жеке қаражатын жұмсаған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сөйтіп меценаттардың көмегімен 60 шақты әлеуметтік нысан қалыпқа келтіріліп, 80-нен астам ғимарат жаңадан бой көтерді. Туған жерін түлетіп жүрген осы бір жомарт жандар арнайы марапатқа ие болды.  

Ізгі қасиетті бойына сіңірген қалталы азаматтар бүгін Көкшенің төрінде зор құрметке бөленді. Себебі олар қандай қошеметке болсын, лайықты. Өйткені, бірі мектеп салса, енді бірі аурухана құрылысына атсалысқан. Ең бастысы, кәсіпкерлер ауыл халқын жұмыспен қамтып, тұрғындардың бар жағдайын жасап отыр.

Дулат Досхожин, кәсіпкер:

– Биыл біз Жақсы ауданының Киевка ауылында балалар ойын алаңқайын салдық. Сондай-ақ қоғамдық монша тұрғыздық. Ауылдағы музейді де қалыпқа келтірдік. Енді үйлер салып жатырмыз. Мұның барлығын біз сол елді мекеннің тұрғындары, яғни өз жұмысшыларымыз үшін жасап отырмыз. 

Бағдат Оразалин, кәсіпкер:

– Біз осы жылы өзіміз еңбек етіп отырған Сандықтау ауданына қарасты Веселое ауылына 8 пәтерлі ұстаздар үйін салып бердік. Онда ауылға келген жас мұғалімдер тұрады. Спорт алаңын тұрғыздық. Ауылдың көшелерін асфальт төсеттік. Осының бәрін ағайынды екі жігіт жасап отырмыз.

Салтанатты жиын барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді атсалысқан түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдері де марапатталды. Жалпы бұл шара аталған бағдарламаның бір жылдық қорытындысы деуге болады.

Айна Мысырәлімова, облыс әкімінің орынбасары:

– Жалпы биыл облыс көлемінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 3 мыңға жуық іс-шара атқарылды. Атап айтар болсақ, аймақтың барлық мектептерінде 1 мыңнан астам Ай-Ти сыныптар ашылды. Киелі жерлер картасына енген тарихи нысандардың қатары көбейіп, ұмытылып бара жатқан құнды дүниелеріміз баспаға түсіріліп жатыр. Айта берсек, өте көп. Барлығы да аса маңызды.

Сонымен облыстық деңгейде «Жомарт жүрек» номинациясына 10 шақты кәсіпкер лайық деп танылса, ақмолалық тағы 2 меценат республикалық байқаудың жеңімпазы атанды. Ал олар үшін ең басты марапат – елдің батасы.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы