380,84 420,44 6,06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


АӘК алуға 2020 жылдың қаңтарында құжат тапсыруға болады – Жылқыбаев

  • 454
  • UPD: 16:39, 26.12.2019
АӘК алуға 2020 жылдың қаңтарында құжат тапсыруға болады – Жылқыбаев

Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев және әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев Шымкент қаласы және Түркістан облысына жұмыс сапары барысында ХҚКО қызметкерлеріне және аудан тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа ережелерін түсіндірді.

Бұл туралы Елорда Инфо ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

«2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалады. Енді сіздердің екі негізгі міндеттеріңіз бар: желтоқсан айына төлемдерді келесі жылға ауыстырмай жыл соңына дейін төлеу және азаматтарға қаңтар айында АӘК тағайындау үшін құжаттар тапсыруға болатындығын және ақпанда әлеуметтік көмек алатындығын түсіндіру. Олар жаңа жылдық мерекелерден кейін алаңдап, жұмыспен қамту орталықтарына барудың қажеті жоқ», – деді ол.

Сонымен қатар, Сайрам ауданында Ержан Жылқыбаев нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында АӘК, гранттар мен микрокредиттер алғаннан кейін өз ісін бастаған ауыл тұрғындарымен кездесті.

«Осы адамдардың біреуі шағын бизнесті үйде ашты, біреуі мектепке дейінгі білім беру курстарын ұйымдастырды. Бұл – мемлекеттің қолдауын пайдалана отырып, отбасының материалдық жағдайын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар жақсы табыс табуға да мүмкіндік беретін мысалдар. Мен жұмыссыз адамдарды кәсіпкерлікті дамыту үшін жақсы тетіктер көзделген «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына белсенді қатысуға шақырғым келеді. Сонымен қатар, көп балалы аналарды кіші және шағын бизнеске тарту үшін келесі жылдан бастап кредит беру мерзімі артып, кредит бойынша пайыздық мөлшерлеме азаяды», – деді Ержан Жылқыбаев.

Бүгін бірінші вице-министр Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді.

Қала тұрғындарының алдында сөз сөйлеген Ержан Жалқыбаев биыл 12 желтоқсанда ҚР Парламентінің Сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандыру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды қабылдағанын еске салды.

«Заң көп балалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізуді, АӘК көрсету тетіктерін жетілдіруді және табысы аз отбасынан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізуді көздейді», – деді Жылқыбаев.

Сонымен, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттері бар отбасыларға отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді.

АӘК ұсынудың жаңа тәсілдері мыналарды көздейді: әр тоқсан сайын атаулы әлеуметтік көмек тағайындау; АӘК тағайындаудың қазіргі шекті критерийін сақтау - отбасының жан басына шаққандағы орташа табыс күнкөріс деңгейінің 70%-ынан кем болуы керек; отбасының барлық мүшелері үшін АӘК мөлшерін жан басына шаққандағы кірістер мен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде анықтау; еңбекке қабілетті азаматтарға қойылатын талаптарды күшейту, егер олар жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда, АӘК төлеу барлық отбасы үшін тоқтатылады; учаскелік комиссиялардың осы процестегі рөлінің күшеюімен отбасының материалдық жағдайына зерттеу жүргізу мерзімін 3 күннен 7 күнге дейін ұлғайту.

Кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы ұсыну аясында 1 жастан 6 жасқа дейінгі табысы аз отбасылардың балалары азық-түлік жиынтығымен және гигиеналық заттарымен қамтамасыз етіледі, 6 жастан 18 жасқа дейін олар мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдары мен мектеп киімдерімен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. 18 жасқа дейінгі балаларға медициналық көмек, оның ішінде стоматологиялық көмек ақысыз медициналық көмектің және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі.

Сөз соңында Жылқыбаев заңға сәйкес, биыл белгіленген АӘК жарты жылға немесе бір жылға тағайындалғаны маңызды емес, 31 желтоқсанға дейін беріледі.

Хабар 24 телеарнасы