Сотта өзгенің мүлкін иеленгені және ақша жымқырғаны үшін қаржы ұйымының бұрынғы басшысы Жомарт Ертаевпен бірге тағы 36 адам жауап беріп жатыр.
46 эпизодты қосқанда бұл іс 700 томға жеткен. Сот ашық жүргізілгенмен БАҚ өкілдері процесті тек баспасөз бөлмесінен бақылап отырды.
Айыптаушылардың айтуынша, Жомарт Ертаев ақша жымқырудың кешенді жүйесін ойлап тапқан. Мақсаты банкті толық өз бақылауында ұстау болған. Яғни банкир өзіне сенімді адамдарды көмекші етіп алып, оларға жеке тапсырмалар жүктеп отырған. Сөйтіп, банк қаржысына қол салып, жетіспеген соманы жалған мекемелер мен жеке тұлғаларға рәсімдеп отырған.