376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда «ҚазАгро» холдингі «Аграрлық несие корпорациясының» филиалы ашылды

  • 126
  • UPD: 21:50, 26.12.2019

Түркістанда «ҚазАгро» холдингі «Аграрлық несие корпорациясының» филиалы ашылды. Бұл өңір фермерлері үшін оңтайлы болайын деп тұр. Өйткені шаруалар алысқа ұзамай-ақ, жергілікті жерден несие рәсімдей алады. Жаңа орталық бірнеше бағытта жұмыс істейді.

Тастай Шалтаев – 6 жылдан бері мал өсірумен айналысады. Алғашында 10 млн несие алып, оған 50 бас сиыр сатып алған. Қазір ірі қараның басын 150-ге жеткізіпті. Бірақ фермер мал басын әлі де көбейтуді көздеп отыр. Түркістаннан «Аграрлық несие корпорациясының» филиалы ашылғанын естіп, мүмкіндікті пайдаланып қалғысы келгенін айтады. 

Тастай Шалтаев, фермер:

- Жылқы басын көбейтуге алсам деп отырмын. 5 пайызбен береміз деп отыр. Ол мал басын көбейтуге өте қолайлы. Менің кепіл затымды қаншаға бағалайды, соншаға алсам деп отырмын. 

Түркістанда «Аграрлық несие корпорациясының» жаңа филиалының ашылуы аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін береді. Енді өңір фермерлері мен шаруалары алысқа ұзамай, тиімді несиені облыс орталығынан да рәсімдей алады.

Файзулла Байдуллаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ филиалының директоры:

- Жаңа ашылған филиалда 8 несие серіктестік болады. Оның ішінде 2900-ға жуық соңғы борышкер болады. Тікелей борышкерлердің санына келетін болсақ, ол қазір 110-нан асып отыр. «Еңбек» бағдарламасымен 6%-дан аспауы керек. Көктемгі дала жұмысына 6%-бен береміз. «Сыбаға» бағдарламасы 15%-бен беріледі. Оның 10%-ы мемлекет тарапынан субцидияланады. Сонда соңғы борышкерге 5%-бен түседі.  

«Аграрлық несие корпорациясы» ауыл шаруашылығының барлық саласын қаржыландырады. Өсімдік шаруашылығынан бастап, ірі инвестициялық жобаларға дейін қолдау көрсетеді. Корпорацияның басты артықшылығы – кепіл саясатының тиімділігі, ыңғайлы демалыс төлемдері және жеңілдетілген пайызбен қамтамасыз етуі. Бұл ауыл тұрғындары үшін қолайлы және елдегі агробизнестің дамуына оң әсірін тигізеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашыбекұлы

Хабар 24 телеарнасы