378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында жылына 1 млн тонна тыңайтқыш өндіретін зауыт салынады

  • 158
  • UPD: 22:42, 26.12.2019

Жамбыл облысында жылына 1 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндіретін алып зауыт салынады. Өндіріс орнын іске қосуға 1 миллиард доллар инвестиция тартылып отыр. Бүгін осы өңірге Үкімет басшысы Асқар Мамин жұмыс сапарымен барып, бірқатар өндіріс ошақтарында болып, Әулиеатадағы атқарылған жұмыстармен танысты.

Үкімет басшысы жұмысты Сарысу ауданы Жаңатас қаласынан бастады. Өңірдегі химия саласындағы тың жобалар мен істелген жұмыстарды көрді. Сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрілігі, Жамбыл облысы әкімдігі және Еврохим компаниясы арасындағы зауытты салу және пайдалануға беру туралы үш жақты инвестициялық келісімге қол қою рәсіміне қатысты.

Инвестициялық жобаны жүзеге асыруға шамамен 1 миллиард доллар жұмсалмақ. Шикізат Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарынан алынады. Ал қолданылатын заманауи технология сапалы өнім алып, қалдықсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар  бір мезетте жылына 120 мың тоннаға жуық кальций хлориді мен кемінде 400 мың тонна дигидрат гипсі өндірілетін болады.

Игорь Нечаев, «Еврохим» АҚ Бас директоры:

- Қазақстан Үкіметі мен «Еврохим» компаниясы басшылығы арасында жасалған бұл келісім Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштар шығаратын жаңа зауыт салуға мүмкіндік береді. Қазір Қазақстанда инвесторлар үшін барлық жағдай жасалған. Жұмыс істеу өте қолайлы. Кәсіпорын 2021 жылы қолданысқа беріліп, 2 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтиды.  

Бұдан кейін Премьер-Министр жаңадан салынып жатқан Жаңатас жел электр станциясының  құрылыс барысымен танысты. Құны 50 миллиард теңге болатын алып жобаның қазір алғашқы кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Қуаттылығы 100 МегаВатт. Бүгінгі күнге дейін 19 жел генераторы орнатылған. Келер жылы олардың санын 40-қа жеткізу жоспарда бар.

Наурызбек Жұмағазин, жобаның аймақтық менеджері:

- Жел электр стансасының жылдық қуаты 340 млн кловат сағатты құрайды. Жоба құны 130 млн доллар.  

Асқар Мамин аймақтағы «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар зауытын да аралап көрді. Сондай-ақ кондитерлік фабриканың үшінші өндірістік желісін іске қосу рәсіміне қатысты. 

Талғат Рысқұлов, зауыт бөлімі басшсының орынбасары:

- Өндіріс орны жылына 500 мың тонна аммофос, 600 мың тонна күкірт қышқылын және 74 мың тонна трикальцифосфат шығарады. 

Максим Лечишин, кондитерлік фабриканың бас технологы:

- Біздің фабрикада 136 адам еңбек етеді. Келесі жылы жаңа бөлім ашуды жоспарлап отырмыз. Сондықтан мамандар саны ұлғаяры сөзсіз. 

Ал одан кейін күні кеше өңірдің 80 жылдығында  ел игілігіне берілген «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне барды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде болып, туризмді түлетуге бағытталған жобалармен танысты. 

Биыл облыстағы өңдеу өнеркәсібінің 11 айдағы көлемі 319,5 миллиард теңгеге жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция 250,1 миллиардты құрап 10 процентке өсті. 2,7 триллион теңгенің 66 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылды. Ол 2020-2025 жылдары аралығында жүзеге асырылуы тиіс. Нәтижесінде 11 мың жаңа жұмыс орындары пайда болады деп күтіліп отыр. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы