377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ҚР СЖҚІА жаңажылдық кештен бас тартты

  • 162
  • UPD: 19:42, 27.12.2019

Елімізде жаңа жылды ұжымдық басқосусыз, мерекелік жиынсыз өткізетін мекемелер қатары көбейіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Олар бірер сағаттық отырысқа қомақты қаржы шығарып, шығындалғанша, әріптестер қайырымдылық жасағанды жөн көреді. Тіпті қазір мектепте де жаңа жылды бұрынғыдай қарсы алмайды.

Жасырын емес, осы уақытқа дейін мемлекеттік мекемелер жаңа жыл қарсаңында ұжым болып кештер өткізіп, мейрамханалар жалдап тойлаушы еді. Биыл бұл үрдіс өзгеріп, әріптестермен келісіп, мерекелік кештен бас тартып жатыр. Соның бірі – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

Сымбат Исрапұлова, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің серіктестік департаментінің бас сарапшысы:

– Біздің агенттік толықтай жаңажылдық кешті өткізуден бас тартып отырмыз. Бұл жерде тек қана өзіміздің ұжыммен аппараттық жиында әріптестер бір-біріне жылы тілектер айтумен шектелсек деп отырмыз.

Агенттіктегілер биыл ғимаратқа тілектер шыршасын орнатқан. Мұндағы мақсат – жағдайы төмен отбасыларға және жетімдер үйіндегі балаларға жаңажылдық көңіл-күй сыйлау, армандарын орындау. Волонтерлердің көмегімен балалардың хаттары мекемеге жолданып, шыршаға ілінеді. Ал қызметкерлер сол хатта жазылған тілектерді орындайды.

Сондай-ақ жаңа жылдық шырша мектептерде қалай өтетінін тексеріп көрдік. Әр білім ордасының басшылығы ата-аналармен келісе отырып, мерекелік шараны басқа жерлерде тойлайды. Кейбіреулері тіпті ертеңгілік өткізуден бас тартады.

Сафура Сейдуалиқызы, 76 мектеп-лицей директоры:

– Білім басқармасының тарапынан арнайы ұсыныстар айтылған. Мүмкіндігінше мектепте ұйымдастыруға, яғни ата-анадан қаражат шықпағандай және балалардың қауіпсіздігі үшін мектеп деңгейінде ұйымдастыруға. Бірақ көп мектептерде бала санының көптігіне байланысты. Оған мүмкіндік бола бермейді. Ал бала аз мектептер өздерінде ұйымдастырады.

Мектеп оқушыларының көретін қойылымдары тегін емес. Лицей директорының айтуынша, 2000 теңгеден басталады. Оған оқушыны тасымалдайтын автобустың бағасын қоссаңыз, айтарлықтай сомма шығады. Бұл бір отбасына үлкен қаржы болуы да мүмкін.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Әділғазы Төлеміс, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы