410,70 456,25 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңа жылдағы жеңілдіктер: қайырымдылық па, әлде құйтырқы әрекет пе?

  • 428
  • UPD: 19:41, 27.12.2019

Жаңа жыл мерекесі алдындағы жеңілдіктер. Халықтың қалтасын ойлаған кәсіпкерлердің қайырымдылығы ма?

Әлде, керісінше, молынан табыс табудың құйтырқы жолы ма? Әдетте желтоқсан айында жеңілдіктер көп жасалады. Жарнамасы жер жаратын акциялардың да көбейетін кезі осы, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жалпы бұл орайда маркетолог мамандар не дейді?

Айгүл Ержанова 10 жыл бұрын өз кәсібін ашқан. Елорданың ортасында шағын супермаркеті бар. Айтуынша, мереке күндері келушілер көбейеді. Әсіресе, жаңа жыл қарсаңында азық-түлікті көтере алатындар көп. Ең қызығы, тұтынушылар мерекеге 1-2 күн қалғанда ағыла бастайды. «Көбі 31 желтоқсан күні жанталасып, керегін іздеп жүреді», - дейді. Өзі келушілердің көңілінен шығу үшін тегін сыйлық таратпақшы. 

Айгүл Ержанова, жеке кәсіпкер:

– Қазірдің өзінде бізде қарбалас болып жатыр. Мен өзім кішкентай балаларды жақсы көремін. Осында өзім күнделікті келетін сатып алушылардың кішкентай ұлдарына, қыздарына сыйлық беремін деп отырмын.

Бұл да – маркетингтің бір түрі. Сыйлық алған адамның көңілі көтеріледі. Яғни сауданы қыздыруы әбден мүмкін. Жалпы жаңа жыл қарсаңында кей тауар түрі әдеттегіден бірнеше есе арзан бағаға қойылады. Бір қарасаң, су тегіндей көрінетін бұйымдар самсап тұрады. Пайыздық жеңілдіктер кезінде іздегініңді жарты бағасына сатып алуға болады. Бұл кезді тек тұтынушы үшін тиімді деуге болмас. Бизнестің қыр-сырын меңгерген кәсіпкерлер де өз мүмкіндігін жібермейді.

Элла Михасева, маркетинг саласының маманы:

– «Локоматив өнім» деген бар. Мысалы, бір өнімнің бағасын бірнеше есе түсіріп қояды. Тіпті өз бағасынан да арзан болуы мүмкін. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында сұранысқа ие мандаринге, жасыл бұршаққа бағаны түсіреді делік. Сатып алушы дәл осы өнімді алу үшін дүкенге әдейілеп келеді. Әрине, келгеннен кейін басқа да керегіңді сол жерден аласың. Алайда, өзге азық-түлік түрлеріне бағаны сәл өсіріп қояды.

Түсінген шығарсыз?! Бір арзан өнімді іздеп барып, қымбат тауарды қалай алғаныңызды байқамай қаласыз. Ал сатушы мандариннің үстеме бағасын басқа өнім арқылы қайтарып алады. Яғни ұтылған жоқ. Жалпы психологтардың айтуынша, мереке қарсаңындағы қарбаласта көп адам қалтасындағы ақшасының есебінен жатасып, қайда жұмсап жібергенін байқамай да қалады. Себебі толған жеңілдікке қызығып, қажет емес дүниелерді көтере сатып алуы әбден мүмкін. Сөйтіп «үнемдеймін» деген ойы іске аспай қалады. Ал сатушыға керегі де осы.

Элла Михасева, маркетинг саласының маманы:

– Сондай-ақ жеңілдік алдымен тез бұзылатын тағамдарға жасалады. Себебі сатушының ойы – ол өнімнен қалайда құтылып, пайда табу. Ал киім туралы айтар болсақ, ұзақ жатып қалған, сол маусымға сай келмейтін киімдерге жеңілдік болады. Кәсіпкерлер қойманы жаңартқан кезде де осындай әдісті қолданады. Кейде 90 процентке дейін жеңілдік болады. Бұл жерде бәрі заңды. Біреуді алдау деген жоқ. Тұтынушы арзан киім сатып алып, ақшасын үнемдей алады.

Маманның айтуынша, соңғы уақытта «жаппай жеңілдік жасалатын жұма» сияқты акциялар кеңінен тараған. Мұндай акциялар кезінде тұрмыстық техниканың саудасы қызады екен. Айтпақшы, қазір халық дүкенге бармай-ақ, интернет арқылы тапсырысты көбейткен. Не десек те, мерекеден кейін де күн барын естен шығармай, үнемдеуді үйренейік.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы