377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы әуежайының басшысы: Ұшу жолағы стандартқа сай болған

  • 238
  • UPD: 20:13, 27.12.2019

Алматы әуежайындағы ұшу жолағы стандартқа сай болған.

Бұл туралы әуежайдың президенті Болат Ержанов мәлімдеді. Оның айтуынша, Фоккер-100 ұшағынан 3 минут бұрын ғана басқа ұшақ көкке сәтті көтерілген. Зерттеу жүргізу мақсатында қазір бұл жолақ уақытша жабылды. Қазір Алматы әуежайында 60 жолаушыға көмек көрсетілді. Брифингке келген «Бек Эйр» әуе компаниясының өкілі ұшқыштар мен экипаж мүшелерінің қызметіне жауапты, кәсіби маман болғанын, ұшу алдында толық тексеруден өткенін, шағым болмағанын жеткізді. Құтқару жұмыстарына төтенше жағдайлар қызметі мен ұлттық гвардия және басқа күштік құрылымдардан 700-ден астам адам жұмылдырылды.

Алматы маңындағы ұшақ апаты: оқиғалар хронологиясы

Ұшақ Алматы маңындағы Қызылту ауылында апатқа ұшырады. Сағат 07:22-де «Бэк Эйр» әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктіктігін жоғалтып, бетонды қоршауға соғылған. Екі қабатты құрылыспен қақтығыс болған. Өрт болған жоқ. Естеріңізде болса, Алматы маңындағы Қызылту ауылында осыдан 6 жыл бұрын да жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 21 адам қаза тапқан.

ҚР ІІМ мәліметі бойынша, апат салдарынан 12 адам қаза тапқан. Толық тізіммен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Ұшақ апатынан қаза тапқандар арасында Дана Круглова есімді әріптесіміз де бар. Ол Informburo.kz ақпарттық порталында шығарушы редактор қызметін атқарды. Дана небәрі 35 жаста еді. Ол Жаңа жыл мерекесін елордадағы ата-анасымен қарсы алмақ болып жолға шыққан екен.

Сондай-ақ Қазақстанның генералдар кеңесінің төрағасы да Алматы маңында болған ұшақ апатынан қаза тапты. Генерал-майор Рүстем Қайдаровтың қазасы туралы ақпаратты қоғамдық бірлестіктің мүшелері растады

Алматы маңындағы құлаған ұшақта барлығы 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар тізімін мына жерден көруге болады. Ұшақта 4 айлық бала да болған. Нәресте апаттан аман қалды. Сонымен қатар бортта төрт шетел азаматы болғаны анықталды.

Алматыдағы ұшақ апатына байланысты Орталық коммуникациялар қызметі де баспасөз мәслихатын өткізді. Орталықтың ресми өкілі Әлібек Әбділовтың айтуынша, апат жағдайлары анықталғанға дейін осы Фоккер-100 әуе кемелерінің ұшуы уақытша тоқтатылды.

«Бүгін Алматы маңындағы жолаушылар ұшағы апатынан қаза тапқан адамдардың туыстары мен жақындарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендерге көмек көрсетіледі. Апат себебін анықтау үшін арнайы үкіметтік комиссия құрылды. Кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланады», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңындағы ұшақ апатынан адамдардың қаза болуына байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Елбасы ұшақ апатынан көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтты.

«Апаттан мерт болғандар мен зардап шеккендер туралы ақпаратты зор күйзеліспен қабылдадым. Көз жұмғандардың туған туыстары мен жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тез сауығуын тілеймін», – деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев.

Хабар 24 телеарнасы