380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұшақ апаты бойынша шұғыл желіге 300-ден астам қоңырау соғылды

  • 179
  • UPD: 21:00, 27.12.2019

Алматы іргесінде болған ұшақ апатына байланысты Талдықорғанда жедел штаб құрылып, жұмыс істеп жатыр.

Оның құрамына өңірлік төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті әкімдік пен полиция қызметкерлері енді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматы облысындағы жедел штабтың шұғыл телефон желісіне қазіргі уақытқа дейін 300-ден астам қоңырау соғылды. Хабарласып жатқан азаматтардың көбі апатқа ұшыраған ұшақ ішінде болған жолаушылардың туған-туыстары.

Азамат Жұртбаев, облыстық ТЖД ресми өкілі:

- Жедел штабта жергілікті атқарушы органдар және барлық керекті қызметтер жиналып, төтенше жағдай бойынша ақпаратты анықтап, талдап, мәліметтерін жинақтап отыр.

Сонымен қатар еліміздегі шетел елшіліктерінен де қоңырау түсіп жатыр. Өйткені апатқа ұшыраған әуе лайнерінің ішінде Украина, Қытай Халық Республикасы мен көршілес Қырғыз елінің де азаматтары болған. Жарақат алғандардың дені Алматы қаласындағы ауруханаларға жеткізілді. 6 жолаушы Алматы облысына қарасты медицина мекемелерінде ем алып жатыр.

Сәуле Қабылова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Балалардың барлығы және негізгі аурулардың ағыныАлматы қаласына жіберілді. Сондықтан барлық мәліметтер орталық штабта.

Алматы облыстық әкімдігі тарапынан оқиға орнында жұмыс істеп жатқан Үкіметтік комиссия мүшелері мен жауапты мекемелердің қызметкерлеріне барынша қолдау көрсетілуде. Бұл жұмыстарға жергілікті тұрғындар да атсалысып жатыр.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Жедел штабтың жұмысы қазір жабық есік жағдайында өтіп жатыр. Сол себепті бізді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің ішіне кіргізбеді. Мұндай тапсырма Нұрұлтан қаласынан келіп түскен. Мамандар мұның себебін «ақпараттың бұрмаланбауы үшін қажет» деп түсіндірді.

Алматы маңындағы ұшақ апаты: оқиғалар хронологиясы

Ардақ Айбарұлы, Жеңіс Әбдірешев

 

Хабар 24 телеарнасы