380,91 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Апат кезінде жарақат алған сегіз жолаушы ауыр халде жатыр

  • 274
  • UPD: 21:10, 27.12.2019

Тағы 9 адамның жағдайын дәрігерлер «орташа ауыр» деп бағалап отыр.

Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін барын салуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өкініштісі, жарақат алғандардың арасында балалар да бар.

Алматыдағы №4 клиникалық ауруханаға ұшақ апатынан зардап шеккен 19 жолаушы жеткізілді. Өкінішке орай, олардың екеуі ауруханада көз жұмды.

Айман Байзолданова, №4 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігерінің м. а.:

- Таңғы сағат 8:00-ден бастап жедел жәрдеммен 19 науқас жеткізілді. Оның 11-і реанимация бөлімшесіне жатқызылды. Екі науқас мерт болды. Қалған 6 адамға операция жасалып, қазір бөлімшелерге жеткізілді. Политравма, өйткені тек қана бір жарақат емес, мидың шайқалуы, қол-аяқтары сынған. Сондай өте ауыр жағдайда жеткізілген науқастар.

Ал, қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына таңғы сағат 9:00-ден кейін жедел жәрдеммен 12 жолаушы жеткізілген. Олардың біреуі жансақтау бөлімінде жатса, енді біріне операция жасалуда. Қалғандарының халі орташа.

Оңалсын Ибекенов, қалалық жедел  шұғыл көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Негізгі жарақаттар аяқ-қол сүйектерінің сынуы, аяқ-қол сүйектерінің, буындарының соғылуы, бас ми жарақаты, бас ми шайқалуы, барлық науқастарға, туыстарына психологиялық көмектер көрсеілді. Көбіне 20-30 аралығындағы жас адамдар, оның ішінде 5 әйел адам, 7 ер адам.

Апаттан зардап шеккендерге көмек болу үшін қала тұрғындары мен қонақтары өз еріктерімен келіп қан тапсырды. Таң атқалы қан орталықтарының алдына 1000-нан аса адам жиналды.

Блиц :

- Сағат 12:00-ден бері тұрмыз. Үш сағаттай болды тұрғанымызға. Жаңа кіріп шықтық, кезек көп. Бұл – ортақ қайғы. Таңертең көріп, бала-шағамен келдік. Біздің де көмегіміз тисін дедік.

Айта кетейік, еліміздің Денсаулық сақтау министрі ұшақ апатынан зардап шеккендердің жағдайын өзі жеке назарға алғанын хабарлады. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы санитарлық авиациямен білікті дәрігерлер ұшып шықты. Министрліктің ақпаратына сәйкес ауруханаларда қажетті дәрілер мен қан көлемі жеткілікті.

Авторлары: Алуа Маханбет, Радик Жакупов

Хабар 24 телеарнасы