378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтар ұшақ апатынан қаза болғандарды еске алды

  • 171
  • UPD: 21:26, 28.12.2019

Бүгін барлық мекемелерде мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, қазақстандықтар ұшақ апатынан қаза болғандарды еске алды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Шымкенттік және оралдық студенттер қаланың бас алаңына жиналып, гүл шоқтарын қойды. Мұндай азалы шаралар еліміздің өзге де өңірлерінде өтті.

Қапияда ажал құшқан бауырларды еске алуды парыз санаған оралдық жастар бүгін ертемен орталық алаңға жиналды. Бір минуттік үнсіздік жариялап, Алматы маңындағы ұшақ апатынан қаза болғандарды еске алды. «Біреуге ана, біреуге әке болған талай адамды арамыздан жұлып кеткені арқамызға аяздай батады», - дейді жастар.

Құралай Ақболатова, студент:

- Батыс Қазақстан облысы жастарының атынан Қазақстанда болған оқиғаға жастардың атынан қайғырып көңіл айтқымыз келеді. Және де ауыр халге ұшырағандарға жазылып кетсін деп тілек айтамыз.

Шымкенттік жастар да «Абай» саябағындағы алауға арнайы барып, отандастарымыздың қазасына орай қаралы жиын өткізді. Қайғысы зілбатпан ауыр қаза бар қазақтың қабырғасын қайыстырып кетті. Осындай қайғылы жағдайды бұдан бұрын да басынан өткерген өңір халқы қаза тапқандар мен жарақат алған жандардың отбасыларына көмек беруге де әзір.

Сәкен Мәжімбеков, М.Әуезов атындағы ОҚМУ проректоры:

– Университетіміздің және жастарымыздың атынан бүгінгі қайғыға ортақтасамыз. Қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтамыз. Егер көмек қажет болып жатқан жағдайда қаланың және университет жастары әрдайым дайын екенімізді айтқым келіп отыр.

Жалпыұлттық аза тұту күніне орай елімізде бұған дейін жоспарланған мәдени шаралар кейінге шегерілді. Ақтаудағы Нұрмұхан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында спектакльдер болмайды. Билеттері бірнеше күн бұрын сатылып кеткен Мұрат Өскінбаев атындағы облыстық филармония ұжымының концерті де кейінге қалдырылды.

Бекбол Базарбаев, М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония директоры:

– Кешегі ұшақтың апатына байланысты бүкіл ел болып қайғырып жатырмыз. Халық шын көңілмен түсініп, бәріне телефон арқылы хабарластық. Қайғыға ортақ екенін білдіріп, концертті ауыстырғанымызға қарсы болған жоқ.

Қостанайда да бүгін алғаш рет қысқы отбасылық фестиваль өткізу жоспарланған еді. Қаралы күнге орай, ауқымды шара кейінге шегерілді. Сондай-ақ осы күнге межеленген барлық мерекелік қойылымдар мен балалар ертеңгілігі басқа күндерге ауыстырылды. Қажетті ақпаратты өңір тұрғындары ұйымдастырушылардан біле алады. 

Ерлан Қалмақов, облыстық мәдениет басқармасының басшысы:

– Әрбір мекеменің өзінің жеке парақшалары қазіргі уақытта қай іс-шараның қандай күнге ауыстырылғандығы туралы ақпарат орналастырылып жатыр. Барлық азамат қаралы жағдайды түсіне отырып, біздің осылай ұйымдастырылушылық шешімдерімізге түсіністікпен қарайды деп сенеміз.

Мемлекеттік және жергілікті деңгейде өтуі тиіс жаңа жыл қарсаңындағы шаралар Атырауда да кейінгі қалдырылды. «Жыл адамын» таңдауға арналған салтанатты шара дүйсенбіге ауыстырылды. Бұдан бөлек, Атырау халықаралық әуежайында «Век Air» әуекомпаниясы рейстеріне сатып алынған билеттердің ақшасы жолаушыларға кері қайтарылып жатыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Әйбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы