430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістандағы киелі жерлер туристерге озық технология арқылы таныстырылады

  • 640
  • UPD: 20:44, 29.12.2019

Түркістан өңірінде тарихи шаһарлар мен киелі орындар өте көп. Мұнда көне қалалардың ізі мен белгілері әлі күнге дейін сақталған. Алайда құла түздегі мүлгіген төмпешіктер мен қаңырап бос қалған қорғандарды көрсетіп, туристерді қызықтыра алмайсыз. «Мына жер бір кездері ұлы өркениеттің ошағы болған» деп айту да қисынсыз. Сондықтан облыс әкімдігі мен туризм басқармасы тарихи орындарды туристерге таныстырудың жаңа тәсілін тауыпты. Қирап, жермен жексен болған көне шаһарлардың дәуірлеп тұрған кезеңі мен бүгінгі тау боп үйіліп жатқан орнын жаңа технологияның көмегімен тірілткен. Тарихи қалалардың өткені мен бүгінін 3Д форматындағы бейнероликтер арқылы туристер назарына ұсынбақ.

Серік Таласов, бейнеролик режиссері:

- Біз өзіміз осындай 3Д графиканы фильмдерге, басқа да салаларға қолданып жүрміз. Бірақ осы тарихи дүниеге келген кезде сәл қиындау болды. Бұл туралы тарихи кітаптар оқыдық.

Неше түрлі ескі суреттерді көрдік, сосын 3Д, «Мая» деген программа бар, сол программамен айналысатын мамандар бар, солармен ақылдастық. Қалай болған? Не болған деп. Бірақ енді ешкімнің дәлелі жоқ «былай болған» деген сияқты. Жобалап, 3Д программамен жасап шықтық.

Туризмді насихаттауға кіріскен топ бүгінге дейін 10 сериалы ролик түсірген. Оның ішінде бір кездері тіршілігі қайнап, сауда-саттығы мен мәдениеті өркендеген Сауран, Сидақ, Қаратөбе, Түркістан және Отырар сияқты тарихи шаһарлар бар. Бейне роликтер сол дәуірдегі халықтың тұрмыс-тіршілігі мен өмір сүру салтын көз алдыңызға әкеліп, ғажайып сезім сыйлайды. Шынайлығымен бірден баурап алады. 

Түркістан өңірінде туризмді дамыту үш бағытта жүргізіледі. Түркістан, Отырар бағытында тарихи-мәдени, Сарыағаш курортты аймағы емдік-сауықтыру және Түлкібас, Төле би аудандарында экологиялық туризм түрлері дамып келеді. Түркістан қаласы «Қазақстанда туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған» мемлекеттік бағдарламасы аясында туристік 10 нысанның тізіміне енді. Бұдан бөлек, «Түркістан өңірін дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» қабылданды.

Мейіржан Мырзалиев, облыс әкімінің орынбасары:

- Жалпы туризм саласы бойынша 2024 жылға дейін 300 млрд теңгеге 35 жобаны жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде ірілері Керуен сарай туристік кешені, қонақ үйлер, дендра саябақ, қолөнершілер орталығы тағы да басқа нысандардың жұмысы басталды. Келесі жылы 35 нысанның 11 іске қосылады. Мұндай ауқымды құрылысты жүргізу барысында қаланың тарихи көрінісін сақтап қалу біздің басты мақсатымыз. 

Сондай-ақ өңірдегі тарихи нысандарды қалпына келтіріп, қайта жаңғырту да туристер санының артуына ықпал етеді. Биыл Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне 1,5 млн саяхатшы мен зияратшы келген. Ал 2025 жылға дейін олардың санын 5 миллионға жеткізу жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы