378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар 24» – президенттік сайлау кезінде ең ұзақ тікелей эфир өткізген арна

  • 186
  • UPD: 11:09, 30.12.2019

Биыл ел есінде қалған елеулі оқиғаның бірі – кезектен тыс өткен президенттік сайлау.

Бұл науқанға еліміз тыңғылықты дайындалды. Жеті бірдей үміткер саяси аламанда бақ сынады. Шетелден жүздеген байқаушы келді. Біздің арна осы тарихи оқиғаны таспалап, 21 сағат бойы тікелей эфирде тоқтаусыз хабар таратты. Бұл – сөзсіз рекорд.  

Тұтас елдің таңдау жасайтын кезі. Бұл күні тілшілер қауымы да аяққа тік тұрып қызмет қылды. Алғашқы хабарды таң сәріден тарата бастадық. 

Күннің көзі көрінгеннен жұрт сайлау бөлімшелеріне жаппай ағылды. Жасы да бар, жасамысы да бар. Сол көпшілік арасынан мінберден сөз сөйлеп жүргендерді де байқадық.     

Ел шебін жаудан қорғап жүрген сарбаздар да бұл науқаннан қалыс қалмады. Барлық сала қызметкерлері жұмылды. Тіпті өнерпаздар да өз үлестерін қосуға келді.

Өзге мемлекетте жүрген отандастарымыз енжарлық танытпады. Шетелдегі тілшілеріміз ондағы дауыс беру процесінің қалай жүріп жатқанын үздіксіз хабарлап отырды. Аймақтағы әріптестеріміз де дамыл таппады. Әр өңірден ақжолтай ақпар жеткізумен болды.  

Журналистердің жүрмейтін жері жоқ. Перзентханаға дейін барды. Тікелей эфирге қосылып, соңғы мәліметтерімен бөлісіп жатты. Сондай сәттің бірінде жүкті келіншектің толғағы келмесі бар ма?!

Орталық сайлау комиссиясының мүшелері сағат сайын брифинг өткізді. Өзге елден келген журналистер біздегі саяси науқан жөнінде жарыса жазып жатты. Осындай қарбаласта дауыс беріп үлгерген әріптестерміз бар.

Сонымен дауыс беру аяқталды. Ел сілтідей тынды. Бірақ тілшілер қауымы тыншымады. Студияда сарапшылармен тілдесті, сол күні болған оқиғаларды саралап жатты. Дауыс берудің алдын ала нәтижесін де алғашқылардың бірі болып қалың көпшілікке жария қылдық.

Мұқым жұрт бас партия атынан бағын сынаған Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім артты. Ел басқаруға лайық деп таныды. Санасақ, 21 сағат бойы тікелей эфирде тоқтаусыз хабар таратқан екенбіз. Бұл – сөзсіз рекорд.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы