377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Р.Скляр: Bek Air сертификат алу үшін мемлекеттік органдарға қысым жасауға тырысқан

  • 334
  • UPD: 14:50, 30.12.2019

Bek Air халықаралық ұшуларға сертификат алу үшін мемлекеттік органдарға қысым жасауға тырысқан.

Бұл туралы бүгін ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат.

«Bek Air осы жылдар ішінде лоббистердің қатысуымен түрлі деңгейде халықаралық әуе рейстерін орындау үшін IOSA сертификатын алып тастауға тырысты. Бірақ мұндай қысымға қарамастан министрлік оған барған жоқ», – деді ол Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Оның атап өтуінше, халықаралық тасымалды жүзеге асыратын барлық қазақстандық компания IOSA сертификатын алған.

«Ішкі тасымалға да оның талаптары қажет болатын. Алайда, өздеріңіз де білесіздер, 2016 жылы БАҚ-та үлкен науқан болып, кейбір журналистер мен депутаттар компанияны қолдап шықты. Мүмкін олардікі де дұрыс шығар. Ішкі бағдарлардың қосымша талаптарға сай болуы керек те емес шығар. Сол кезде өкілетті мемлекеттік орган Индустрия министрлігі Азаматтық авиация комитеті «IOSA талаптары ішкі де, сыртқы да тасымалға қажет» делінген қаулы шығарды. Бұл жерде белгілі бір қайта сақтандыру элементтері, яғни, қосымша талаптар бар», – деді Роман Скляр.

Вице-премьердің айтуынша, авиацияда қауіпсіздікті қолдау үшін басы артық қосымша талаптар мүлдем болмайды. «Дегенмен, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті бұл кәсіпкерлердің құқығын бұзу деген ұйғарым шығарып, министрлік ішкі рейстер үшін бұл талапты алып тастады», – деп түсіндірді Роман Скляр.

Алматы маңындағы ұшақ апаты: оқиғалар хронологиясы

Ұшақ Алматы маңындағы Қызылту ауылында апатқа ұшырады. «Бэк Эйр» әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктіктігін жоғалтып, бетонды қоршауға соғылған. Екі қабатты құрылыспен қақтығыс болған. Өрт болған жоқ. Естеріңізде болса, Алматы маңындағы Қызылту ауылында осыдан 6 жыл бұрын да жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 21 адам қаза тапқан.

ҚР ІІМ апат салдарынан 12 адам қаза тапқанын растады. Толық тізіммен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Алматы маңындағы құлаған ұшақта барлығы 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар тізімін мына жерден көруге болады. Сонымен қатар бортта төрт шетел азаматы болғаны анықталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңындағы ұшақ апатынан адамдардың қаза болуына байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Елбасы ұшақ апатынан көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтты

ҚР премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен Bek Air әуе компаниясының ұшағының құлау себептерін тергеу бойынша үкіметтік комиссияның отырысы өткізіліп, ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 4 млн теңгеден қаражат бөлінетінін хабарлады.

Хабар 24 телеарнасы