423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


11 желтоқсаннан бастап Оңтүстік Кореядан кететін мигранттар үшін жеңілдіктер жасалды

  • 660
  • UPD: 14:46, 30.12.2019

Корея республикасында заңсыз жұмыс істейтін қазақстандықтар отанға оралуға асықпайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

11 желтоқсаннан бастап таңғы самал елін өз еркімен тастағандар үшін жеңілдіктер бар. Ал «жасыл дәлізді» пайдаланбайтын заңсыз мигранттарға айыппұл салынады. Қазақстаннан барған жұмысшылардың бірі тілшіміз Владислав Цойға атын атамау шартында сұхбат беруге келісті.

Азамат Кореяға турист ретінде үш ай бұрын келді. Қазір ол ауылда тұрады, дегенмен елді мекеннің Қазақстандағы қаладан еш айырмашылығы жоқ. Бір бөлме үшін жерлесіміз айына үш жүз доллар төлейді, сонымен қатар пәтер иесіне кепілдікке мың доллардай ақша берді. Заңсыз мигранттар бір күн ішінде тоқсан доллардай табыс таба алады, бірақ жұмыс берушілер оларды қызметке алуға қорқады. Өйткені полиция біліп қойса, елге қайтарады, ал оны жұмысқа алған адам айыппұл төлеуі керек.   

Азамат:

– Мені жер аударып жібереді деп күн сайын қорқамын. Ешқайда бара алмаймын. Тек үй мен жұмыс арасында ғана жүріп, тұрамын. Заңсыз мигранттарға осында тек ауыр, лас жұмысты ұсынады. Теңізде, егінде, химиямен, шыны, мақтамен жұмыс істеу керек.

Заңсыз мигранттар медициналық сақтандырусыз жұмыс істейді. Өндірістік жарақаттар да болмайды емес. Жақында жерлесіміз осындай жағдайға тап болыпты. Химиялық зауытта ол қауіпті сұйықтыққа құлаған-мыс. Қазақстандық азамат денесінің жетпіс пайызын күйік шалған көрінеді. Бұл туралы бізге ерікті Амангүл Ешмұратова айтып берді. Кореяда он жылдан бері заңды тұрып жатқан оның күйеуі – осы елдің азаматы. Амангүл мигранттарға кәріс тілін орыс, қазақ және өзбек тілдеріне аударуға көмектеседі.

Амангүл Ешмұратова, ерікті:

– Егін жұмыстарына кәріс халқы бара бермейді, сол үшін мигранттар көп барады. Еркін жүреді, көшеде полиция ұстамайды. Заңды бұзбайтын, тыныш жүрген адамнан ешқашан сұрау болмайды. Көбінесе иммиграция тексерісті жұмыс орнында жасайды. Одан басқа жолда, автобус бекеттерінде ешқашан тексерілмейді.

Бірнеше айдан кейін Азамат Отанына қайтуды жоспарлап отыр. Оның айтуынша, Кореяда еңбекақы жақсы төленеді, бірақ шығындар да аз емес.

Азамат:

– Пәтер үшін төлеу керек. Егер Қазақстанда жалақы 120-150 мың болса, бірақ ет немесе көкөніс мұндағыдан 4-5 есе арзан. Ал мұндағы жалақы біздікінен 4-5 есе көп. Тағы бір қиындық туғызатын нәрсе – барлық жерде доңыз еті. Қой, сиыр еті, көкөністер, жемістердің бәрі қымбат.

Азамат Кореядан қайтарда жергілікті заңға сәйкес, көші-қон полициясын 3-15 жұмыс күн бұрын алдын ала кететіні туралы ескертуі керек. Әділет министрлігінің мәліметінше, егер мигранттар 11 желтоқсаннан 30 маусымға дейін өз еркімен елден қайтса, айыппұл төлемейді және қайтадан осында келе алады. Ал егер ұсталса, Кореяға өмір бойы кіруге тыйым салынуы мүмкін. Сонымен қатар заңсыз мигранттарға мерзіміне қарай бес жүзден жиырма мың долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін.

Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян

Хабар 24 телеарнасы