380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұшақ құлаған үйдің иесі қазақстандықтарға үндеу жасады

  • 478
  • UPD: 18:26, 30.12.2019
Ұшақ құлаған үйдің иесі қазақстандықтарға үндеу жасады

Алматы маңында Bek Air ұшағы құлаған үйдің иесі Решет Қалибек қазақстандықтарға үндеу жасады, деп хабарлайды Tengrinews.kz

Үйдің қожайыны Fokker 100 ұшағы құлаған күні журналистерге сұхбат бергенін, алайда олардың жарияланым алдында рұқсат сұрамағанын айтты.

«Біріншіден, қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтамын. Бұлай болады деп кім ойлаған? Содан бері күйзеліс үстінде жүрдім. Өтемақы, ақша туралы ойлайтын уақыт та болған жоқ. Мен әуелі өтемақысын бірінші ойлайтын адам болсам. қалада барлық органға жүгініп, заңгер жалдап шапқылап жүрер едім. Бірақ мен ештеңе де істемедім. Мемлекеттік органдар шақырғанда ғана барып, арыз жаз деген соң жазып, қол қой деген жерінде қол қойып жүрдім. Содан бері үйде отырдым. «Бос жүре берме», «артығымен сұра» дейтіндер болды. Оларды тыңдамаймын. Мен ешкімнен осыған дейін ештеңе сұрамадым. Тергеуші жауап алды, әкімдіктегілер арыз жаздыртты. Сонымен тәмам», –дейді тұрғын үйдің иесі.

Решет Қалибек 2006 жылы Қытайдан көшіп келгенін айтты. Қазіргі уақытта әйелі мен баласы бар. Өзі Шелекте үй жалдап тұрып жатыр екен. Ал ұшақ құлаған үйді ол 2014 жылы салып бастаған. Сол уақытта үй салуға болады деген жер учаскесін ол 16 мың долларға сатып алған екен. Баспананың өзін салып бітіргенімен, қаржылай қиындықтар болғандықтан коммуникация: жарық, су жеткізе алмапты. Ал апат болған кезде үйінің үстіне ұшақ құлағанын бірінші болып 27 желтоқсанда таңғы уақытта көршісі хабар бергенін айтты.

«Таңғы сағат сегізде көршім телефон арқылы хабарласып, «үйіңе самолет құлады» деді. Қалжыңы ма деп, сенбедім. Бірақ мессенджер арқылы суретін жолдаған соң есеңгіреп қалдым. Үйден шыға алмай айналып жүрдім де қойдым. Келіншегім де әрең сенді. Өмірде ондай нәрсе болады деп кім ойлаған. Екеуміз де шошып кеттік», – деп еске алады апат болған күнді Қалибек.
Решет Қалибек үйдің ендігі тағдыры қалай боларын тіпті ойламағанын да айтып отыр. 

«Шынымды айтсам, ойлаған да жоқпын. Қазір оған мұрша да жоқ, батылымыз бармайды. Ол жақта дым болмағандай тұра беретіндей жүрексіз емеспіз. Тіпті «үйіңе кел, есептейміз, қол қоясың» дегеніне де барған жоқпын», – дейді ол.

Алматы маңындағы ұшақ апаты: оқиғалар хронологиясы

Ұшақ Алматы маңындағы Қызылту ауылында апатқа ұшырады. «Бэк Эйр» әуе компаниясының №Z2100 рейсі ұшып көтерілу кезінде биіктіктігін жоғалтып, бетонды қоршауға соғылған. Екі қабатты құрылыспен қақтығыс болған. Өрт болған жоқ. Естеріңізде болса, Алматы маңындағы Қызылту ауылында осыдан 6 жыл бұрын да жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 21 адам қаза тапқан.

ҚР ІІМ апат салдарынан 12 адам қаза тапқанын растады. Толық тізіммен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Алматы маңындағы құлаған ұшақта барлығы 93 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Жолаушылар тізімін мына жерден көруге болады. Сонымен қатар бортта төрт шетел азаматы болғаны анықталды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы маңындағы ұшақ апатынан адамдардың қаза болуына байланысты 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Елбасы ұшақ апатынан көз жұмғандардың жақындарына көңіл айтты

ҚР премьер-министрі А.Маминнің төрағалығымен Bek Air әуе компаниясының ұшағының құлау себептерін тергеу бойынша үкіметтік комиссияның отырысы өткізіліп, ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасыларына 4 млн теңгеден қаражат бөлінетінін хабарлады.

Хабар 24 телеарнасы