417,90 504.70 5.63
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандылықтар көп қабатты үйлердің кіреберістерін де безендіріп тастаған

  • 612
  • UPD: 23:00, 30.12.2019

Қарағанды қаласының тұрғындары мереке қарсаңында жеке пәтерлерін ғана емес, көп қабатты үйдің кіреберістерін де безендіріп, мерекеге ерекше көңіл бөліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қала орталығында орналасқан тоғыз қабатты үйдің тұрғындары аулаларын жаңажылдық шыршамен әсемдесе, оңтүстік шығыс ықшам ауданында тұратын суретші үй ауласы мен төртінші қабатты ертегі әлемге айналдырған.

Қарағанды қаласындағы орталық көшелердің бірінде орналасқан тоғыз қабатты үйдің тұрғындары мерекеге орай үйдің кіреберісін түрлі жаңа жылдық ойыншықтармен безендірген. Ал Наурыз мейрамында кіреберісті ою-өрнекпен әсемдейді. Әр мерекенің алдында осында тұратын 36 отбасы бірінші қабатта орналасқан пошта жәшігіне өз ұсыныстарын қалдырады екен.

Тамара Владимирова, қала тұрғыны:

Барлық көршілер шығып, бір үйдің баласындай атсалысып жатыр. Аға буыннан бастап кішкентай балаларға дейін шыршаның ойыншықтарын, түрлі қолдан жасалған заттарды үйден алып шығып, безендірдік. Кіреберісті біз жылына екі рет Наурыз мейрамы мен Жаңа жылда безендіреміз.

Ал Викентий Комков оңтүстік-шығыс ықшам ауданындағы көп қабатты үйдің ауласы мен ішкі бөлігін ертегілер әлеміне айналдырған. Мұнда түрлі кейіпкерлер мен құстардың суретін көруге болады. «Қазір қала тұрғындары бұл жерге келіп, суретке түседі», дейді суретші.

Викентий Комков, суретші:

- Мені тіпті ауладағы балалар сиқыршы деп атайды. Далаға шықсам, сыртымнан «қараңыздар, сиқыршы ата» деп көрсетіп те жатады. «Сиқырлыққа үйретіңізші», деп те келетіндер бар. Қазір барлық көп қабатты үйлерде домофон орнатылған, дегенмен, біздің үйге кіріп кетіп, суретке түседі.

Суретші пәтерге кіре берістегі алаңды суретпен көркемдеуге түрлі бағалы табиғи тастар мен 25 литр бояу жұмсаған. Бұл жұмыстарды атқаруға 2 айдай уақыт кетіпті.

Авторлары: Айнұр Абдиева, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы