429,76 515.14 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семей қаласы 2019 жылды толағай табыстармен қорытындылап отыр

  • 882
  • UPD: 10:43, 31.12.2019

Семей шаһары 2019 жылды толағай табыстармен қортындылап отыр. Мәселен, өңірдегі өнеркәсіп өнімдерін өндіру көрсеткіші 200 миллиард теңгеге жуықтаса, 100 мың шаршы метрден артық тұрғын үй қолданысқа берілген. Ең үлкен жаңалық – Үкімет Семей қаласының 2020-2025 жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасын қабылдады. Алдағы 5 жылда бұл бағдарламаны жүзеге асыруға 260 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылмақ.

2019 жыл баспана кезегінде тұрған семейліктер үшін ерекше есте қалатын болды. Көп балалы аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар жаңадан бой көтеріп келе жатқан шағын ауданынан жаңа пәтердің кілттерін алып қоныстарын тойлап жатты. Солардың бірі 3 бөлмелі жаңа пәтерге қол жеткізген Жекеевтер отбасы.

Жадыра Әлібаева, көп балалы ана:

- Елбасымызға алғысымыз шексіз, рахмет ол кісілерге! Осылай халқымыздың алғысын ала берсін дегіміз келеді. Мынандай үй бергеніне өте қуанып жатырмыз. Балаларымыз да қуанып жатыр. Ең жақсысы, мектеп жанында, балабақша жанымызда, спорт кешені бәрі бар деп жатыр. Соған қуанып жатырмыз, балаларымыздың болашағы ғой.

Бұл жаңа шағын ауданда тышқан жылы да құрылыс қарқынды жүре бермекші. «Нұрлы жер» және басқа да бағдарламалар арқылы 100-ден астам жаңа көпқабатты тұрғын үй салынады. Нәтижесінде мың жарымға жуық отбасын баспанамен қамту көзделген. Бір мезетте 5 мың көрерменді қабылдай алатын мәдени-спорттық кешен құрылысының аяқталып, ел игілігіне берілуі семейліктер еңсесін көтере түсті. Кешеннің жалпы аумағы 33 мың шаршы метр. Нысанда футбол, гандбол, бокс, волейбол, суға жүзу сияқты спорт түрлерін дамытып, дене шынықтыру жаттығуларын өткізуге болады. Кинотеатр, балаларға арналған ойын алаңдары да бар. Олипиадалық талаптарға сай салынған жарыс алаңдарында қазірдің өзінде халықаралық турнирлер өткізу жөнінде ұсыныстар түсіп жатыр екен.

Ермак Сәлімов,  қала әкімі:

-Қарағайлыда тағы 4 мектеп салынады. 4 мектеп, 5 балабақша. Құжаттарына қаражат бөлінді. Құдай қаласа, келесі жылы ол бітеді, сол мектептер 1 жылдан кейін құрылысы басталады. Мұз сарайы салынады, ол мамыр айында басталады. 6 миллиард теңгесі бөлініп отыр, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі арқылы, жобалары бәрі дайын, экспертизадан шықты. Ол жерде оңалту орталығы бар, оның да құжаттары бәрі дайын.

Қаладағы түйткілді мәселенің бірі қоғамдық көліктердің тым ескіріп кетуі еді. Қазір автобус паркінің 90 проценті жаңаланып, өзіміздің отандық өнім, Семейде құрастырылған техникалар халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Жалпы 500 жергілікті тұрғынды еңбекпен қамтып отырған Семей автоқұрастыру зауыты жұмыс орындарын қысқартпау үшін түрлі жобаларды жүзеге асырып жатыр. 2019 жылы 500-ден астам автобус, 2 мыңға жуық жүк көлігі, 800 трактор құрастырылып, ел экономикасына қызмет етіп жатыр.

Әсемхан Досқожанов, кәсіпорын жетекшісі:

- Қазір біздің зауытта 8 түрлі автобус шығып жатыр. 6 метр, 9 метр, 11 метр, 12 метр. Енді болашақта біз туристік автобустар шығарайық деген ойымыз бар, қалалардың арасына шығатын автобустар. Жүк машиналарды, 3 тоннадан бастап 25 тоннаға дейін шығарамыз. 7,5 тонна, 12 тонна, 25 тонналық машиналар, трактордың 8 түрін шығарамыз.

Мәтін: Кешенді даму жоспарына сәйкес, қалада екі ірі кәсіпорын бой көтереді. Оның бірі өсімдік майын шығаратын зауыт. Мұнда 400-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақшы. Ал «Өндіріс» индустриалдық аймағында жылына 70 мың тонна ет өңдейтін ет комбинаты іске қосылып, 250 семейлік еңбек етеді.

Болат Көкенайұлы, тілші: 

- «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деп, Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос. Міне осындай асыл сөздері мұра еткен данышпан ақынның мерейтойына еліміздің түкпір-түкпірі мен алыс, жақын шетелдерден қонақтар ағылмақшы. Қазір қала жұртшылығы осыған қам қылуда. Қоғамдық, мәдени іс-шараларды қоспағанның өзінде көшелер көркейіп, шаһар шырайлана түспекші.

Қала қазынасы да соңғы жылдары еселеп артып, 66 миллиард теңгеден асты. Жол жөндеу жұмыстары жаңа жылда да жалғасын таба береді, оған бір миллиард 200 миллион теңге қарастырылып отыр. Жарты ғасырға жуық уақыт бұрын салынған ескі көпірді күрделі жөндеуге де облыстық бюджеттен 231 миллион теңге бөлінген. 

Авторлары. Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы