376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда 60 экологиялық автобус пайдалануға берілді

  • 143
  • UPD: 11:25, 31.12.2019
Алматыда 60 экологиялық автобус пайдалануға берілді

Алматыда Еуро-5 талаптарына сай отандық 60 экологиялық автобус пайдалануға берілді.

Сығылған (компримирленген) табиғи газбен (CNG) жұмыс істейтін экологиялық автобустар жолаушылары өте көп бағдарларға қызмет көрсетеді.

Автобус паркін жаңарту және қаланың қозғалыс бағдарлары желісін ұлғайту бойынша көлік реформасы шеңберінде «Астана Моторс» компаниясы елімізде құрастырылған Golden Dragon 18 метрлік жаңа 60 экологиялық автобустарын шығарды.

Golden Dragon барлық біріктірілген автобустардың қозғалтқыштары газбен жұмыс істеу үшін бейімделген, жану кезінде зиянды заттардың ең аз мөлшері пайда болады, бұл қалалық көлік үшін өте маңызды. Алдағы төрт жылда бұл отын түріне ел бойынша 50 мың бірлік автокөлікті ауыстыру жоспарланып отыр.

Автобустардың салонында барлық қауіпсіздік, бейнебақылау, ақпараттандыру, диспетчерлермен байланыс жүйелері бар, желдеткіш бар. Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға ыңғайлы болу үшін арнайы механикалық платформалар қарастырылған. Автобустардың сыйымдылығы – 150 жолаушы, 36 отыратын орын және мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған 1 орын бар.

«Компания отандық автобустарды шығаруды жолға қойды және жолаушылар мен жүргізушілердің барынша қолайлылығы үшін тасымалдаушылардың барлық сұраныстарын есепке алуға мүмкіндігі бар. Отандық автобустарды шығару еліміздегі тозған қоғамдық көліктерді жаңарту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны табысты іске асыруға септігін тигізетініне сенімдіміз. Еліміздің автобус парктері үшін қолайлы қаржылық жағдай жасалған және олар техниканы ыңғайлы шарттармен қаржы лизингіне сатып ала алады», - дейді «Астана Моторс» компаниясының бас директоры Бекнұр Несіпбаев.

Автобустар ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен ДБ-Лизинг АҚ бағдарламасын жүзеге асыру аясында қоғамдық көлікті отандық автобустармен жаңарту үшін сатып алынған. Аталған бағдарлама Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен іске қосылды және автобус паркіне келісімшарт құнының 15% бастапқы жарнасымен 7 жыл мерзімге несие беру мөлшерлемесімен техника сатып алуға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі: miid.gov.kz

Хабар 24 телеарнасы