426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2019 жыл «Хабар 24» арнасының тілшілеріне қандай жаңалықтарымен есте қалды

  • 610
  • UPD: 21:50, 31.12.2019

Тәулік бойы ақпарат тарататын біздің арнаның тілшілері үшін де ескі жыл жаңалыққа толы болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнайы репортаж, тікелей қосылым дегендер қисапсыз көп болды. Көтерілген мәселе, қозғалған тақырып та сан алуан. Бір журналистің өзі жыл орайында 500-ге жуық материал әзірледі. Білесіз, біздікі ұжымдық жұмыс. Тілшіден бөлек, оператор, бейнеинженер, режиссер мен көлік жүргізушілерінің еңбегі жеке-жеке атауға тұрарлық.

Рауан Мыңбаев, тілші:

– АҚШ-қа сапардың бір ерекшелігі бұл – Мемлекет басшысының сол мемлекетке алғаш рет президент ретінде барғаны болды. Сондықтан болар, журналистер қауымына, БАҚ өкілдері үлкен жауапкершілік жүктелді. Осы сапарды барынша ақпараттандырып, елге деген тиімді жағын көрсету керек болды. «Хабар 24» телеарнасы да осы қарбаластың бел ортасында жүрді. Президенттің осы БҰҰ-ның бас мінберінен ағылшын тілінде сөйлеген сөзін қазақшаға аудару міндеті маған жүктелді. Жалпы өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысының ағылшын тілін жақсы меңгергенін білесіздер. Сондықтан ол мінбердегі сөзін қазақ тілінде бастап, ағылшын тілінде жалғастырды. Яғни әлем назарына өзінің ойын, қазақстандық бастамаларды жеткізуге тура келді. Осы міндетті біз айналасы 2 сағаттың көлемінде орындай алдық. Қазақ тіліне толық аударып, оны эфирге бердік. Сосын АҚШ сапарының тағы бір ерекшелігі, біздің түніміз бен күндізімізді ауыстырып алған кезіміз болды. Күніне 3-4 сағат көз іліп, қалған уақыттарда келіссөздердің барысын, Президенттің сапарын барынша көрсету керек болды.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

– 2019 жыл өкінішке қарай еліміз үшін қайғылы оқиғамен басталды. Қаңтар айында «Охотзоопром» мекемесінің қорықшысы Ерлан Нұрғалиев аң-құсқа қорған боламын деп браконьер қолынан қаза тапты. Баршын ауылына барып, тілші ретінде оқиға орнынан ақпарат тараттым. Бұл – менің журналистік қызметімдегі ең ауыр түсірілімдердің бірі болды. Себебі, Ерлан Нұрғалиевті жерлеу рәсіміне қатысып, жақындарының ғана емес, тұтас ауылдың қара жамылғанын көзбен көрдік. Жалпы осыған дейін де қорықшылар кісі қолынан мерт болған. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты зерттеуге тырысып, бірнеше күн бойы далада инспекторлардың жанында жүрдік. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы Нұрғалиев ісіне қатысты ақпарат таратты. Қоғамда түрлі пікірталастар болды. Ақыры, бұл мәселесі жауапты мекемелерге жетіп, заңға өзгеріс енгізілді. Күні кеше оған Мемлекет басшысы қол қойды.

Ақсәуле Байменшина, тілші:

– Елорданың дәл іргесінде ұзын жолдың бойында Бозайғыр деген ауыл бар. Осы жаз мезгілінде сол ауылдық округ тұрғындары бізге қоңырау шалып, келуімізді өтінді. Шыны керек, мен ауылды ондай жағдайда көремін деп ойлаған жоқпын. Таң қалдым деп айтуға болады. Себебі еліміздің бас қаласына небәрі 25 шақырым жерде орналасқан ауылда жолдың жағдайы сұмдық, бірде бір мәдени ошақ жоқ, жастар барып демалатын жер жоқ, балалар баратын орталық жоқ. Және дәл сол ауылдың қасында сол ауылға қарасты Төңкеріс деген ауыл бар екен. Сол ауылда кәріз жүйесі істен шығып, 2 қабатты үйлердің жертөлесі 2 метр лас суға толған. Адамдар соның үстінде тұрып жатыр екен. Жаз кезінде жағымсыз иіс жайлап кеткен. Материал эфирге шықты, шыны керек, ауданның басшылығына, ауыл әкіміне бұл материал ұнаған жоқ. Дегенмен кейін тұрғындар хабарласып, өз алғыстарын жеткізді. Себебі сол кезде жөндеу жүріп жатқан мектептегі жұмыстарды тездеткен басшылық барып, кәріз құбыры жөнделе бастаған. Сол кезде мен ойладым, «неге сол мәселені ауылдағы күнделікті шешу үшін тілшілер баруы керек, неге халық сол туындаған проблемаларды шешу үшін әлеуметтік желіге жар салып айтулары керек, неге телеарна шақырулары керек». Қазір көп жағдайда солай. Егер бір ауылдың мәселесін шешуге қандай да бір көмегіміз тисе, бұл қуаныш.

Гүлзия Нақыпқызы, тілші:

– Осы жылы редакциямызға Жібек жолы кентінің тұрғындары хабарласып, елді мекенде жол, электр энергиясы және судың жоқтығын айтып, өтініш қалдырған еді. Біздің түсірілім тобымыз ол жерге барып, сюжет жасап, сол күні эфирге бердік. Жақын арада тұрғындар хабарласып, рақметтерін айтты. Елді мекенге жол салынып берілген, электр энергиясы тартылған. Енді суды күтіп отырмыз, дейді. Қаламыздан 15 шақырым жерде орналасқан мекенде су мен жарықтың болмауы үлкен қателік шығар.

Бағдат Әбдіқожаева, аймақ тілшілері қосынының бас редакторы:

– Биылғы жыл біздің еліміз үшін де, жалпы тілшілер үшін де жауапты, қауіпті сәттер көбірек сияқты. Өткен жылға өкпе айтпағанмен, сындарлы сәт көп болды. Мысалы, жылдың басында ақпан айында Тараз қаласында көп қабатты үйлердің бірінде газ жарылысы болды. Таң уақыты, жұрт ұйқысынан оянбаған сәтте болаған апат. Біздің тілшіміз жұмысқа бара жатқан жолда апаттың болғанын естіп, қарапайым тұрғын ретінде сол жерге жүгірген. Редакцияға хабарлап, ұжым ЖТС апарып, тікелейге шықты. Тілшіміз Руслан Бақытбекұлының байқампаздығы, жеделдігі деуге болады. Сол үйге кіріп, барғанының өзін ерлік деп бағаладық әріптестері арасында.

Хабар 24 телеарнасы