423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар» агенттігі «Жыл таңдауы» марапатында үздіктер қатарынан көрінді

  • 567
  • UPD: 22:45, 31.12.2019

Тұтас еліміз үшін де 2019 жыл табысты болды деуге әбден болады.

Еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосқан азаматтарға мереке қарсаңында «Жыл таңдауы» марапаты берілді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Үздіктердің қатарында «Хабар» Агенттігі де бар.

Химия ғылымдарының докторы, профессор Зұлқайыр Мансұров 2019 жылдың «Алтын адамы-Жыл ғалымы» атанды. Ғалымға бұл марапат наноғылым мен нанотехнологияның дамуына қосқан үлесі үшін беріліп отыр. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еңбек етіп, бүгінде Жану проблемалары институтының ғылыми жетекшісі болып қызмет атақаратын Зұлқайыр Аймұхаметұлы бірнеше жобаға жетекшілік етеді. Атап айтқанда, ауыр металл иондарынан суды тазалайтын құрылғы, ауаны улы заттардан және қанды токсиндерден тазалайтын жаңа технологиялар. Мұның барлығы қолда бар арзан шикізаттардан алынып отыр.

Зұлқайыр Мансұров, химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреаты:

– Дұрыс өмір сүру үшін таза су, денсаулық, таза ауа, энергия соның барлығын нанотехнология, наноматериалдарымен айналысып, зерттеп және соны пайдалануға шығарып отырмыз.

Қазақ тілді басылымдардың ішінен үздік деп, биыл ғасыр тойын атап өткен «Егемен Қазақстан» газеті аталды. Таралымы жағынан өзгелерге дес бермеген бұл басылым бірнеше жыл үздіктер тұғырынан түспей келеді. 

Арман Октябь, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі:

– Мәселен, Егеменде көтерілген тақырыптар талай мәрте Президенттің назарына ілігіп, оң шешімін тауып жатқан мәселелер де өте көп. Мұның өзі газеттің беделі қашан да биік екенін көрсетеді.

Үздіктер қатарында «Хабар» да бар. Бүгінде 4 арнаны біріктірген агенттік күн сайын 5 тілде хабар таратады. Халықаралық деңгейдегі ірі саяси, мәдени, спорттық шараларды тікелей эфирден көрсетіп, қоғам үшін өзекті тақырыптарды қозғаған мыңдаған сюжеттер мен бағдарламалар көрермендер ықыласына бөленді. Бұл марапат жеңімпаздарды алдағы уақытта да тұғырдан түспеуге ынталандырса, өзгелерді осындай биікке көтерілуге ынталандырады, дейді ұйымдастырушылар. 

Авторлары: Алуа Маханбет, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы