376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында әскери қызметші алты бала асырап алды

  • 175
  • UPD: 20:35, 01.01.2020

Құлан ауылында тұратын әскери қызметкер бір күнде 6 баланы асырап алды. Сөйтіп Жамбыл облысындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері жаңа жылды отбасында қарсы алды. 

Міне, бір күнде 6 бірдей жетімді бақытқа кенелткен осы жігіттің отбасы. Бауыржан мен Ботагөздің өздерінен туған 4 баласы бола тұра, осындай жауапты да батыл шешім қабылдаған. Бауыржан Исаев әскери адам. Қазір 42062 әскери бөлімінде механик-жүргізуші болып жұмыс істейді. Ол балаларын еліне, жеріне адал еңбек етуге баулып, нағыз отанымыздың патриоты етіп тәрбиелеймін деп отыр. 

Бауыржан Исаев, Құлан ауылының тұрғыны:

- Балалар алдыңнан жүгіріп шығады. Жұмыстан шаршап келгеннің бәрін ұмытып кетесің. Бәрі ойдағыдай. Қорқатын ештеңе жоқ ол жерде. Бәріміз әке-шешем бар, келіншегім бар. Бәріміз бірігіп, бір-бірімізді қолдап жақсы нелерді жасап жатырмыз деп ойлаймын енді. Өзім де қуаныштымын. 

Бастапқыда бұл отбасы 2 баланы қамқорлығына алғысы келген. Бірақ балалар үйіндегі тәрбиеленушілерді көріп басқаларын да қимай қалыпты. Кейін қайта ойланып, әулетімен ақылдаса келе, осындай шешімге келді. Қазір бірден 10 балалы болып отыр. 

Ботагөз Бөкеева, Құлан ауылының тұрғыны:

- Біз бір керемет ерлік жасаған жоқпыз. Бірақ дегенмен еңбегімізді бағалап, 5-6 семья көрсетті. Сол семьяның балаларының бәрін алып кеткің келеді. Бәрі сондай сүйкімді. Жалпы 9 баланы аламыз деп шештік. Бірақ 6 баланың документтері дайын, статусы анықталған балалар болды. Ал қалған үш баланың ата-ана құқығынан айыру процесі жүріп жатты да сол кезде енді Құдай қаласа келесі аптада уже құжаттар дайын болу керек.  

Жеткіншектердің көздерінде қуаныш пен шаттық байқалады. Ең бастысы мейірім сезіліп тұр. Биылғы жыл олардың өміріндегі ең әсерлі, әрі мәңгілік жүректерінде қалатын таңғажайыпқа толы ерекше мереке болып отыр.  

Светлана Ковальчук, оқушы:

- Мен 13 жастамын. 8 класта оқимын. Мен өте бақыттымын. Осындай үйге келгеніме...

Ярослав Земницкий, оқушы:

- Папам жақсы көреді мені. Мамам жақсы көреді. Апам жақсы көреді. Ата. Мен де бәрін жақсы көрем!!! 

Жалпы Жамбыл облысында биылғы оқу жылында 54  бала осы сияқты отбасылық тәрбиеге орналастырылған. Ал соңғы үш жылда балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілер саны 156-дан 81 балаға азайыпты. Нәтижесінде өңірдегі кәмелеттік жасқа толмағандарды бейімдеу орталығы мен Сарымолдаев атындағы №1 балалар үйі біріктіріліп, Өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы болып қайта құрылды. Қазір онда 63 бала тәрбиеленуде. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы