380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында 25 мыңнан астам отбасы жаңа жәрдемақы алады

  • 163
  • UPD: 20:36, 01.01.2020

Еліміздегі барлық көп балалы отбасыға табысына қарамастан мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ай сайынғы жәрдемақы кәмелетке толмаған төрт және одан көп немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студенттері бар көп балалы отбасыларға беріледі.

Мұндай көмекке Маңғыстау облысындағы 25 мыңнан астам ана ие болмақ. Жаңа жәрдемақы алу үшін өтініш жазу керек. Оның мерзіміне қатысты шектеу жоқ. Кез-келген айда, кез-келген уақытта тиісті мекемеге хабарлассаңыз болады.

Айгүл Өмірзақова 5 баласы үшін айына 10 мың теңге жәрдемақы алып келген еді. Енді ол 5 есеге көбейді, осы айдан бастап бұл отбасыға 53 мың теңге төленеді.  

Айгүл Өмірзақова, қала тұрғыны:

- Цонға барып, документтерді дұрыстап, сұрап, сөйлесіп келдім. Маған тиесілі деп айтты. Баяғыдан келе жатқан көпбалалы ана болған соң автоматты түрде беріледі деді. Соны естігеніме қуанып келдім. Оның өзі көп көмек деп ойлаймын. Мен сияқты үйде отырған аналарға көмек.

Еліміздегі көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдаудың жаңа форматы отбасы табысына қарамастан беріледі. Мәселен, төрт баласы бар отбасыларға –  42 496 теңге; бес балаға – 53 127 теңге; алты балаға – 63 757 теңге; жеті және одан да көп балаларға 74 388 теңге төленеді.

Қарашаш Нұрмамедова, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметітк бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Көп балалы отбасыларға жәрдемақы төлеудің мемлекеттік әлеуметтік саясаттағы мақсаты – көпбалалы отбасылардың аз қамтылғандар санатынан шығару және сонымен қатар көпбалалы отбасылардың қоғамдағы мәртебесін қалпына келтіру және арттыру. Қазір облыста 17 мыңнан астам бұрыннан жәрдемақы алатын көпбалалы аналарға жәрдемақы тағайындалды. Жаңадан құжат тапсырып, бұрын ешқандай жәрдемақы алмаған 8053 анаға жәрдемақы тағайындалды.

Сонымен қатар жаңа жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмекті төлеу жүйесі өзгереді. Атаулы әлеуметтік көмек бұрынғыдай алты немесе он екі айға емес, тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасыға тоқтатылады. Бұған қоса, атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. Яғни мектеп жасына дейінгі балалар азық-түлік және гигиеналық құралдармен қамтылса, мектеп жасындағыларына тегін ыстық тамақ, мектеп формасы мен оқу-құралдары беріледі, күнделікті мектепке барып келуге жұмсалатын жол шығыны өтеледі. 

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы