429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кәсіпкерлер кірістерін жасырып, салықтан жалтармауы тиіс

  • 433
  • UPD: 08:29, 02.01.2020

Елімізде патент негізінде жұмыс істейтін кәсіпкерлер онлайн бақылау-кассалық аппараттарын пайдалануы тиіс.

Мұндай құрылғы арқылы қолма-қол мәліметтер мемлекеттік кірістер органдарына тікелей жолданып отырады. Азаматтар тарапынан да қоғамдық бақылау болуға міндетті. Салық органдары тұрғындарды осыған үндейді.

Биылдан бастап елімізде шағын және микро субъектілер табыс салығынан босатылды. Үш жыл мерзімге. Президент былтырғы жолдауында тиісті тапсырма берген болатын. Сондай-ақ мемлекеттік органдар отандық бизнес құрылымдарды жөнсіз тексеруін тияды. Алайда кәсіпкерлер кірістерін жасырып, салықтан жалтармауы тиіс. Керісінше бақылау кассалық аппараттарын пайдаланып, түбіртек беруге міндетті.

Олжас Отар, ҚР мемлекеттік кірістер комитеті жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы:

– Бұл – шағын және орта бизнесті көлеңкелі бизнестен жарыққа шығару мақсаты. Мысалы сіздің онлайн БКМ деректері бірден мемлекеттік кірістер комитетінің базасына түседі. Интернет істемеген жағдайда 72 сағаттың ішінде түсуі мүмкін. Сонымен қатар онлайн БКМ енгізу арқылы 30 млрд теңге бюджетке түсті.

Еліміз бойынша онлайн бақылау-кассалық аппаратын пайдалануы тиіс 494 мың 31 салық төлеуші бар десек, солардың 97 проценті қажетті құрылғыға қол жеткізген. Ал қалғандары – интернет байланысы жоқ ауыл кәсіпкерлері. Мұндай елді мекендерде бұрынғы кассалық қондырғылар қолданыла береді.

Олжас Отар, ҚР мемлекеттік кірістер комитеті жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы:

– Түбіртек талап ету акциясы өткізілді. Қарағанды қаласының тұрғыны көлік ұтып алды. Мысалы, ол кісі 8 мың түбіртек жіберген. Он мың теңгеге тауар сатып алып, түбіртек талап етсеңіз, 300 теңге мемлекетке түседі. Сондықтан бізде қоғамдық бақылауды дамыту керек.

Мемлекеттік кірістер органдарының түбіртек талап ет акциясы жалғаса береді. Азаматтардың көлік немесе құнды сыйлықтарды ұтып алуға мүмкіндігі бар. Есесіне мемлекет көлеңкелі экономикадан арылады. Ал кассалық аппарат қолданбағандарға алдымен ескерту жасалып, кейін айыппұл да салынуы мүмкін.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ерзат Зайытхан

Хабар 24 телеарнасы