376,42 420,09 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2020 жылы Алматыда қанша үй салынады

  • 185
  • UPD: 09:36, 02.01.2020

2019 жылы баспанаға мұқтаж 3 мыңнан астам алматылық қоныс тойын тойлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде 860-тан астам пәтер мемлекеттік тұрғын үй қорынан, ал бір жарым мыңнан астам пәтер жеңілдетілген пайызбен жинақтау банктері арқылы берілді. Олардың арасында көпбалалы отбасылар мен жастар да бар. 

Жаңа жыл алдындағы жақсы жаңалық. Бұл – Алматының жұмысшы жастары. Бірі ұстаз, екіншісі дәрігер, тағы бірі өрт сөндіруші. Барлығы да бұған дейін қомақты ақшаға пәтер жалдап келген. Енді Жастар жылының аясында оларға сатып алу құқығынсыз 5 жылға 249 арендалық пәтер берілді. 

Мадина Бермұратова, қала тұрғыны:

– Осы бағдарламаның бергеніне өте қуаныштымыз. Депозит шотымыздағы ақшамызды толықтырып, болашақта өзіміздің үйімізге ие болуымызға зор мүмкіндік. Бұрын біз жалдамалы пәтерде 50 мың төлеп тұрдық.

Бұл бағдарлама алдағы жылы да жалғасады. Қазір екінші кезеңі бойынша 500-ден астам пәтерге құжат қабылдануда. Қала тұрғындары «Бақытты отбасы» бағдарламасының да игілігін көріп отыр.   

Ермек Әміров, тұрғын үй саясаты басқармасының есепке алу, үйлерді тарқату бөлімінің басшысы:

– «Бақытты отбасы» бағдарламасы бірінші кезекте Алматы қаласында көпбалалы отбасыларға арналды. Ол жерде көпбалалы отбасылар 15 миллион теңгеге дейін жеңіл пайызбен ақшаларын алды. Және де Алматы қаласының әкімдігі оларға сертификат ретінде қайтарымсыз 1 миллион теңге көмек ретінде берілді.

Осылайша 284 көпбалалы отбасы көптен күткен баспанасына қол жеткізді. Әуелі Алматыда басталған жоба кейін республика көлемінде қолдау тауып, тағы жүздеген алматылық жанұя қуанышқа бөленді.

Ермек Әміров, тұрғын үй саясаты басқармасының есепке алу, үйлерді тарқату бөлімінің басшысы:

– Ол жерде тек қана көпбалалы отбасылар ғана емес, толық емес отбасылар және асырауында мүгедек баласы бар отбасылар қатыса алды. Ол бағдарлама да іске асып, 220-дай отбасы өз пәтерлеріне қол жеткізді.

Жергілікті атқарушы билік 2020 жылы құрылыс қарқынын үдетпесек төмендетпейміз дейді. Тышқан жылы Алматыда 4 мыңнан астам пәтер салынып, кезекте тұрған адамдарға беріледі деген жоспар бар. Дегенмен 25 мың адам баспана кезегінде тұр. Олардың 10 мыңы – бюджеттік сала қызметкері.    

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Мұхит Құдықбаев

Хабар 24 телеарнасы