381,10 419,30 5,69

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Тереңкөлде тауарлы-сүт фермасы ашылды

  • 223
  • UPD: 20:07, 02.01.2020

Павлодар облысында жүзеге асқан бұл жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгеден асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Симментал тұқымды сауын сиырлар сонау Чехиядан әкелінген.

Әзірге бір сиырдан күніне 24 литр сүт сауылады. Келешекте оның көлемін 30 литрге жеткізу жоспары бар. Айналасы екі жарым жылда бой көтерген жаңа ферма 70-тен аса ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отыр.

Тауарлы-сүт фермасынан тұрақты жұмыс тапқандардың бірі – Алтай Аманов. Арыс қаласынан қоныс аударған отбасын ферма басшылығы бірден жұмысқа алыпты. Үй беріп, отын-сумен қамтамасыз еткен. Ең бастысы – жалақы уақытында  төленеді. Ұзақ жылдар теміржол саласында жұмыс істеген Алтай ағаның шаңырағын ауыл адамдары да жақсы қабылдапты.

Алтай Аманов, тауарлы-сүт фермасының жұмысшысы:

- Өзім істеймін және әйелім істейді. Ұлым да осы жерде оператор болып жұмыс істейді. Енді сол енді Арыста жарылыстан кейін ауа райы да өзгерді. Жағдай болмады енді, шыны керек. Бала-шағаны ойлап осы жаққа келуге мәжбүр болдым.

Жаңадан құрылған шаруашылықта 632 сауын сиыр бар. Асыл тұқымды мал асыраудың машақаты аз емес. «Арнайы мамандардың да көмегіне жүгінуге тура келеді», - дейді қызметкерлері.

Серік Сарымов, тауарлы-сүт фермасының басқарушысы:

- Бізде зоотехникалық қызмет бар. Малға берілетін азық мөлшерін солардың ақыл-кеңестері бойынша дайындаймыз. Көбінесе құрама жем беруге тырысамыз.

Сүттің сапасы құнарлы мал азығына тікелей байланысты. Шаруашылықтың иелігінде 6 мың гектардай жер болса, бір мың гектарын суармалы егіс алқабы құрайды. Онда сүрлем дайындауға қажетті дақылдар өсіріледі. Шеттен әкелінген малдың қоңы жақсы. Жаңа жерге бейімделіп қалған.

Абай Құдайбергенов, тауарлы-сүт фермасының директоры:

Симментал тұқымды сиырларды Чехия республикасынан әкелдік. Олар біздің климатымызға бейімделген. Бірінші төлін алдық. Шығын жоқ. Өндірісті іске қостық. Бүгінгі күні бір сиыр 24 литрдей сүт береді. Жалпы алғанда 15 тонна сүт алып отырмыз.

Жаңадан құрылған ферма ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып отыр. Бір кездері тоқырауға ұшыраған Жаңабет ауылында қазір жағымды жаңалық көп. Жаңа үйлер салынып жатыр. Жетпістен аса ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылған.

Руслан Омаров, Бобровка ауылдық округінің әкімі:

Жұмысшы кадрлар керек болып отыр. Оның айғағы ретінде мына біздің мемлекеттік бағдарламамыз бар ғой оңтүстіктен солтүстікке деген. Сол оңтүстіктен қандастармыз келіп, жұмыс жасауда. Оларға міне, мына өздеріңіз көргендей, пәтерлер беріліп және жұмысқа қабылданып, олар өздерінің жұмыстарын атқаруда.

Бобровка ауылдық округінде халықтың саны жылдан жылға өсіп келеді. Өткен жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша елді мекенге ауыз су келді. Жол жөнделіп, көшелер жарықтандырылған. Ауылға келген инвесторлар еңбеккерлерге арнап жаңа үйлер тұрғыза бастаған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

 

Хабар 24 телеарнасы