376,17 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл Жамбыл облысындағы алты елді мекенге таза ауыз су тартылады

  • 218
  • UPD: 22:37, 02.01.2020

Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында биыл 6 елді мекенге таза ауыз су келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір жобалық-сметалық құжаттары жасалып, қолдау тауып отыр. Бұл мақсатқа республикалық және облыстық бюджеттен 2 миллиард 600 млн теңге қарастырылып та қойған. Көп ұзамай құрылыс жұмыстары басталуы тиіс.

Тұрар Рысқұлов ауданында ауыз су мәселесі шетінен шешіледі. Мәселен, өткен жылы жарты ғасырға жуық уақыт бойы су азабын тартып келген Луговое ауылына су кірді. Нәтижесінде 9 мыңнан астам халқы бар елді мекен жаңа жылды таза сумен қарсы алды. Бұған дейін жұрт ауыз суды ауладағы ескі құдықтан алып жүрген. Ал, үйге келіп тұрған құбыр ескіріп, іске жарамай қалғанына көп болыпты.

Сағынбек Досымбеков, зейнеткер:

- Бұрын енді біз даладағы жердің суын 30-40 жылдай пайдаланып келдік. Тартып шығаратынбыз. Бірақ оны біз ақырындап насос арқылы жерден сорып алып отырдық. Енді бұл су кәдімгі өзінің қысымымен, лайықты барлық жағынан қолдануға болады екен.

Есенкүл Мұхтарова, зейнеткер:

- Өте қуаныштымыз. Тамаша. Қаладағыша өмір сүріп жатырмыз. Су келгеннен кейін міне, үйдің бәріне қостық. Монша, туалет, бәрі үйдің ішінде. Бәрі сумен жұмыс істейді. Қаладан кем емес жағдайымыз. Судың дәмі өте әдемі.

Ауыл орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Тіршілік нәрі 280 метр тереңдіктен шығарылып, заманауи технологияның көмегімен тазартылады.

Серік Сәлімбаев, Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігі «Таза су» КМК басшысы:

- Жаз кезінде су жетпей бара жатса, екеуі де қосылады. Өзі қосылады. Екі сыйымдылығы бар мына жерде. 350-ден 700 куб. Соны толтырады. Толтырады да халыққа береді. 2275 аула бар. 9100 халық бар. Соның бәрін сумен қамтуымыз керек.

Биыл Тұрар Рысқұлов ауданындағы Жарлысу, Құмарық, Бәйтелі, Алғабас, Әбжаппар ауылдарына таза ауыз су тартылмақ. 9 мың халық орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.

Руслан Оразхан, Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің орынбасары:

- 43 елді мекен бар. 43 елді мекеннің 26-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның 17-інде бүгінгі таңда қамтылмаған. 8 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттамалар толық дайындалған. Жалпы құны 3,6 миллиард теңгеге. Екі елді мекенге қолдау тапқан жоқ. Бірақ ендігі 2020 жылдың бірінші нақтылауына кіргіземіз оны.

Облыста ауылдарды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023 жылға дейінгі жоспары әзірленген. Қазір аймақтағы 373 елді мекеннің 55%-і таза сумен қамтылған. Қалғандарында тұрғындар құдық, бұлақ сияқты басқа да су көздерін пайдаланып отыр.

Айта кету керек, өткен жылы 10 ауылдағы 13 мың халық таза ауыз сумен қамтылды. Енді 2020-2021 жылдары 11 ауылға су жүйесін тарту көзделіп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы